Жаңалықтар
Шизофренияға шалдыққан жасөспірім баланы дәретханаға итеріп жіберген: Анасы 20 миллион теңге өтемақы төлейді

Сарыағаш ауданына қарасты Сіргелі ауылындағы 17 жастағы қыз 3 жастағы қызды өлтіріп, тағы бір жеткіншекті өлімге итермелеген. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Orda.kz порталына сңлтеме жасап хабарлайды.
2024 жылдың көктемінде ауыл тұрғындары көше дәретханасынан үш жасар Арайдың (адамдардың есімдері өзгертілген) мәйітін тауып алған. Марқұм баланың жақындары бастапқыда бұл қайғылы оқиға жазатайым деп ойлаған. Куәгерлер болмағандықтан, көпшілік баланың байқаусызда шұңқырға түсіп кеткеніне сенді.
Араға екі ай салып сол көше дәретханасындан алты жасар Асылым да ажал құша жаздады. Жақын маңда жүрген ауыл тұрғыны баланың жан даусын естіп, көмекке ұмтылған. Ол қызды дәретхананың шұңқырынан шығарып үлгерген. Бала шұңқырға жартылай түсіп кеткен екен. Асылым көмек келгенше дәретхана еденінің жиегінен ұстап тұрған.
Асылымды құтқарып алған соң ол өзін көрші тұратын 17 жастағы Бағила есімді қыздың дәретхана шұңқырына итеріп жібергенін айтты. Қыздың бұл мәліметтері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында үш жасар Арайдың өлімі де осы оқиғамен байланысты болуы мүмкін екені анықталды.
“Тергеу хаттамасына сәйкес, 2024 жылдың 13 шілде күні кешке Бағила Асылымды дәретханаға қарай ертіп апарып, шұңқырға итеріп жібермек болған. Асылым екі қолымен жиегінен ұстап үлгеріп, жылап жіберген. Осы сәтте Бағила оны тістеп, шашынан тартып, бар күшімен итеріп жіберуге тырысқан. Сол сәтте жақын маңдағы ер адам баланы құтқарып қалды”, – делінген хабарламада.
Тергеу барысында Арай мен Асылымды дәретханаға жасөспірім қыз итеріп жібергені дәлелденді. Кейін Бағиланың психикалық ауруға шалдыққаны анықталды. Оның не істеп жатқанын толық түсінген-түсінбегенін сот шешуі тиіс.
Алайда Бағиланың анасы қызының психикалық дертке шалдыққанын білмеген.
«Сот отырысында Бағиланың заңды өкілі ретінде қатысқан анасы: қызының психикалық ауруға шалдыққанын білмегенін айтты. Бірақ қыздың бірнеше рет өзіне қол салмақ болғанын мойындады. Мысалы, ол сірке суын ішпек болған. Сондай-ақ анасы қызын молдаға апарып, дұға жасатып жүргенін де жеткізді», – делінген іс материалдарында.
Сот-медициналық психиатриялық сараптама нәтижесінде қыздан «шизофрения белгілері бар жіті полиморфты психоздық бұзылыс» анықталды. Ол психиатриялық есепке қойылды. Заң бойынша психикалық ауруы расталған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
«Сот Қылмыстық кодекстің 95-бабы 4-бөлігінің талаптарына сүйене отырып, айыпталушыға арнайы психиатриялық стационарда қарқынды бақылаумен мәжбүрлеп емдеуді тағайындау қажет деп есептейді. Жасалған қоғамдық қауіпті әрекетінің сипаты мен психикалық жай-күйіне байланысты ол өзіне де, айналасындағы адамдарға да ерекше қауіп төндіреді, әрі үнемі және қатаң бақылауда болуға мұқтаж», – делінген сот үкімінде.
Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын жартылай қанағаттандырды. Жасөспірім қыздың анасы қаза болған Арайдың отбасына 20 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.