Жаңалықтар
Спорт комментаторы өзін ФФ-ға президенттікке үміткер ретінде ұсынды
Фото: ашық дереккөз
Танымал спорт комментаторы Ербол Қайыров күтпеген мәлімдеме жасады, деп жазады qandastar.kz
Спорт комментаторы Ербол Қайыров өзін ҚФФ-ға президенттікке үміткер ретінде ұсынды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
«Бүгін Қазақстан футбол федерациясы ресми президенттікке үміткерлерді тіркеу туралы шешім қабылдады. Соңғы күні Ақмола футбол ассоциациясының атынан өз кандидатурамды ұсындым.
Іс-сапарда жүріп, бірнеше қоңырауларыңызға жауап беріп, дайректте біраз хаттарыңызды оқыдым. Әрине, ол жалған ақпарат емес. Бала кезімнен футбол саласында жүріп, ұлттық құрамамызды үлкен додаларда көруді армандайтынмын. Ескі, сертификациядан өтпеген стадиондарымыздың орнына қашан жаңа ареналар салынады деп жиі ойладым?!
Енді, міне, ер жетіп, ҚФФ және QFL структураларында бірнеше жыл бойы жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. УЕФА-ның біраз іс-шараларына қатысып, білім алдық. Тек қана БАҚ саласында ғана емес, кәсіби мен әуесқой футболдың проблематикасын зерттеп, жаңа деңгейге шығудың жолдарын белгілеп қойдық.
Сайлауға аз уақыт қалды, сондықтан жақын арада Қазақстан футболының даму стратегиясы мен бағдарламасын ұсынамын. Әр үміткердің өз бағдарламасы бар, сондықтан тізімге іліккен кез-келген адамның мүмкіндігі мол. Төртеуін жеке танимын және де әрқайсысын сыйлаймын.
«Жоғарыда бәрі шешілді, несіне қатысасың?» деген ой-пікірлеріңізді оқып, естіп отырмын. Мен де ол жайында естідім, жасырғым келмейді. Бірақ нөмірі бір спорт түріне өмірімді арнап, сенімшіл болғым келеді. Осы дүниеде де әділеттілік бар деп жұмысқа кірісе берейік.
«Сізге қалай дауыс бере аламыз?» деген сұраққа осылай жауап беремін: сіздердің қолдауларыңызды сезіп, алдарыңызда мәңгі қарыздар боламын. Себебі халық қолдауынсыз ешқашан осы қадамға бармас едім.
Дауыс беретін ҚФФ мүшелері, яғни, оның құрамына кіретін аймақтық футбол федерациялары мен ассоциациялары және әртүрлі тұлғалар мен ұжымдар. Олар бәрін әділетті түрде шешеді деп үміттенемін», – деді Ербол Қайыров.