Жаңалықтар
«Суретке түспеймін деп жылайды». Қызылордалық ата-аналар балаларын фейс-бақылаудан өткізуге қарсы
Фото: ашық дереккөз
Қызылордалық ата-аналар балабақшалардағы фейс-бақылауды тоқтатуды талап етіп отыр. Әйтпесе, балаларымыз туралы деректер орынсыз тарап кете ме деп қорқады.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы келеңсіздік «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының мониторингі кезінде анықталды.
Face ID атты баланың биометриялық деректерін жинау бағдарламасы өткен жылы сәуір айында пилотты жоба есебінде 10 (8-і – мемлекеттік, 2-і – жеке) балабақшада қолданыла бастаған. Кейін облыстағы барлық балабақшаға орнатылған. Бірақ кәмелетке толмаған балалардың биометриялық деректерін ата-анасының рұқсатынсыз жинау Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 381, Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі №123 бұйрығының талаптарына қайшы.
Облыстық қоғамдық кеңесте мәселе көтерілгенімен одан нәтиже шықпаған.
«Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңның 8-бабының 1-тармағына сәйкес адамның биометриялық дербес деректерін алу үшін олардың заңды өкілдерінің немесе өзінің келісімі қажет. Балабақша тәрбиеленушілері кәмелет жасына толмағандықтан ата-аналарының рұқсаты талап етіледі. Бұл – бір. Екіншіден, педагогтарды білім беру процесінен өзге жұмыс түрлеріне тарту Педагог мәртебесі туралы заңның 6-бабына қайшы. Олардың биометриялық деректерін жинату заңсыз. Деректердің қайда кетіп жатқаны белгісіз. Өйткені сертификатталған, стандарттан өткен құрылғы қолданылып, ол ортақ базаға жинақталып жатқан жоқ. Әр тәрбиеші өзінің телефонындағы қосымшаны пайдаланады. Кәмелет жасына толмаған балалардың суреттерінің үшінші біреудің қолына түспесіне кепілдік жоқ. Үшіншіден, интернет сапасының нашарлығы қол байлайды. Кейде балалар жылап, суретке түсуден бас тартады. Балабақша өкілдері «күніне 1-1 жарым, кейде тіпті 3-4 сағатымыз топтағы 20-25 баланы суретке түсірумен өтеді» деп шағымданады», – деді қоғамдық бірлестік филиалының басшысы Ләззат Бақтыбаева.
Қызылордалық ата-ана Шұғыла Жақсыбекованың екі баласы облыс орталығындағы жеке балабақшаға барады.
«Үлкеніміздің жасы 3-тен асқан. Өзі томаға-тұйық, «суретке түскім келмейді» деп жылап келеді. Мен бұған о баста қарсы болғанмын, қазір де сол пікірдемін. Бірақ күнделікті келген-келмегенін есепке алу үшін суретке түсіру керек екенін түсіндірді. Көнбегенде қайтесің, балабақшаға беріп, өзім жұмысқа шығуым керек. Түскісі келмесе, қинап керегі не?! Бұл баланың психологиясына күш түсіреді», – деді ол.
Фейс-бақылауды құп көрмейтіндердің тағы бірі – қала тұрғыны Мұхтар Жоламанов. Ол да тәрбиешілер «балаңыз суретке түсуден қашады» деп шағымданатынын айтып, наразылық білдірді.
«Екі баламның бірі бұзықтау. Суретке түсірерде бір орында тұрмайды, жылайды. Басқа да таныстарымның басында бар бұл жағдай. Тәрбиешілер балаға тәрбие бере ме әлде оларды суретке түсіре ме? Баланы фейс-бақылаудан өткізбесе, келмеген есеп екен. Бұл – нағыз ақымақтың ісі, біреу осылай ақша жасап отырған сияқты», – деді Мұхтар Жоламанов.
«Әділдік жолы» РҚБ өкілі сәтсіз жобаның кесірінен кәсіпкерлер екі оттың ортасында қалып отыр деп санайды.
«Ертеңгі күні педагог шағымданса, кәсіпкердің үстінен іс қозғалуы мүмкін. Өйткені ол педагогты заңсыз әрекетке мәжбүрлеп отыр. Өзге біреудің баласының биометриялық деректерін жинау бойынша әкімшілік кодексте жауапкершілік көзделген. Бұл білім мен тәрбие сапасына да әсер етеді», – деді Ләззат Бақтыбаева.
Оның айтуынша, мұндай тәжірибе басқа облыстарда жоқ. Балабақша аздай, енді спорт және мәдениет үйірмелеріне де фейс-бақылау орнату жоспарланып отырған көрінеді.
«Үйірмелердің ұзақтығы 45 минут екенін ескерсек, топта 20 -25 баланы суретке түсіру мүмкін емес. Негізі қос министрліктің бұйрықтарында бақылау тетіктері көзделген. Бір айлық бейнемұрағат бар. Қажет болса, соны қолдана алады. Бірақ жергілікті атқарушы орган ол тетіктерді қолданбастан мемлекеттен қосымша шығындалу арқылы балалардың биометриялық деректерін жинауды жалғастырып жатыр», – деді филиал басшысы.
Назерке САНИЯЗОВА,
Қызылорда облысы