Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ТУРИСТІК МАУСЫМ АШЫЛДЫ

Түркістанда саяхат маусымы салтанатты түрде ашылды, «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» атты мерекелік шарада өңірдің туристік әлеуеті көрсетілді. Қол күресі, гір тасын көтеру, «Bauyrsak Fest», «Қымыз ішу» сияқты ұлттық ойын-сауық сайыстары өтті. Облыстың өнер ұжымдары мен фольклор ансамбльдері, би топтары, театрландырылған қойылымдар мен алып батырлар көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Қолөнершілер жәрмеңкесіне қазақы нақыштағы бұйымдар қойылды. Қазақ, өзбек және қырғыз көліктерінің қатысуымен Ұлы Жібек жолы бойындағы қалаларға автошеру жолға шықты. Туристік астана жылы аясында өңірде түрлі іс-шара өтеді деп жоспарланған. Әбдуәли Әбдіғали, Халықаралық DRIVE FORUM жобасының жетекшісі: — Мақсатымыз – автокөлікпен туристік бағытты бастау, дамыту және таныстыру. Жаңадан келетін туристерге жаңа бағыттарды көрсету. Біздің бағытымыз 3 мемлекетті қамтиды. Қазақстаннан басталады, Өзбекстан және Қырғызстандағы Ыстықкөлге дейін барамыз.

8 күн жүреміз, сонда 8 күнде 3 мың шақырымды бөліп тастаймыз да, 7 қалада боламыз. Нұрдәулет Медеуов, Облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары: — Бірқатар ауқымды іс-шара жоспарланған. Халықаралық әуе шеруларының байқауы, халықаралық FIRE SHOW жарыстары, «Voice of Turan» халықаралық ән байқауын өткізу жоспарланған. Жыл соңына дейін 100-ге жуық іс-шара өткізілетін болады. Оның ішінде мәдениет, туристік, спорттық бағыттағы шаралар бар. Қызмет көрсету қызметінің сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, туризм саласына инвестиция тарта отырып, қонақүйлер мен демалыс орындарын салуды жоспарлап отырмыз.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close