Жаңалықтар
Жамбыл тұрғыны біреудің малдарын сатып, құмар ойынға жұмсаған

Тұрар Рысқұлов аудандық соты біреудің сеніп тапсырған мүлкін иемденiп алды деп айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Qandastar.kz.
2018 жылы сотталушы мен жәбірленуші жазбаша еңбек шартын жасасып, оған сәйкес жәбірленуші сотталушыға 63 бас ірі қара малын және 423 бас қойды бағуға сеніп тапсырған.
2024 жылдың қыркүйегі мен 2025 жылдың қаңтары аралығында сотталушы жұмыс берушінің сенімі мен бақылауының жоқтығын пайдаланып, базарда барлығы 184 қой, 17 сиыр мен 10 бұзауды сатып жіберген. Ал одан алынған қаражатты өзі иемденіп, құмар ойындарға жұмсаған.
Нәтижесінде жәбірленушіге 14,5 млн теңгеден астам сомада материалдық залал келтірілген.
Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.