Жаңалықтар

Қандастарға арналған квота санын көбейту керек — депутат

Қандастарымыздың елге оралуына бөлінген квота аз. Бүгін Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов палатаның жалпы отырысында Үкімет басшысына осы мәселені жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, былтыр қандастарымызға 1378 квота бөлінген. Биыл олардың саны 1426-ға жетті. «Алайда бұл өте аз», — деді Сауытбек Әбдірахманов. Бұрындары жыл сайын 20 мың адамға дейін көшіп келуге рұқсат берілетін. Қандастар негізінен Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанады. Депутат осы өңірлерде бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын көбейтіп, мемлекеттік қызметті қазақ тілінде алуына мүмкіндік жасау қажеттілігін атап өтті.

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Үкіметтің елдегі миграциялық және демографиялық процестерді тұрақтандыру мақсатымен қандастарға бөлінетін квотаның көлемін көбейту,  бейімдеу мен кіріктіру орталықтарын құру, репатрианттарға мемлекеттік қызметті қазақ тілінде көрсету, жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды солтүстіктегі өңірлерге қоныстандыру сияқты мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруды, атқарылып жатқан, атқарылатын шаруадан заңда белгіленген тәртіп бойынша жан-жақты хабардар етуді сұраймыз.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close