Жаңалықтар

Қ.Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында сөйлеген сөзі

Мемлекет басшысы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті беделді халықаралық ұйымның мінберінен қандай үндеу жариялап, нендей мәселе көтергенін тыңдайық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрметті төраға мырза! Жоғары мәртебелі делегация басшылары!

Қадірлі ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан Республикасының Президенті ретінде тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының биік мінберінен үндеу жолдау – мен үшін зор мәртебе.

Ұлттар ұйымы дүние жүзіндегі барша адамзаттың мұң-мұқтажын қорғайтын баламасы жоқ бірегей әрі әмбебап ұйым және әрдайым солай болып қала береді.

Адамзатты талай сын-қатер мен қантөгістерден сақтап келе жатқан ұйымның негізі қаланғанына келесі жылы 75 жыл толады.

Бүгінде ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді.

Бас хатшы Антониу Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды.

Алайда қазіргі таңдағы геосаяси және геоэкономикалық өзгерістерге қатысты алаңдаушылығымызға толық негіз бар.

Бұл жағдай 2030 күн тәртібін жүзеге асыру мақсатындағы бірлескен іс-әрекеттеріміз үшін күрделі сынақ екені айқын.

Менің ойымша, бәрімізді алаңдатуы тиіс жаңа жаһандық сын-қатерлерге мына тенденциялар әсер етеді:

Біріншіден, әлемнің әртүрлі аймақтарындағы қақтығыстар мен шиеленістер бұрынғы бөліну сызықтарын қалпына келтіріп, жаңаларын құрып, әлемдік державаларды әскери масштабтағы тоқтап қалу шегіне жеткізді.

Екіншіден, біз жаһандық және аймақтық державалардың бір-біріне деген сенімсіздігінен зардап шегеміз. Бұл қазіргі қауіпсіздік пен қарулануды бақылау тәртібінің бұзылуына және жаппай қарулану жарысының қайта басталуына әкеп соғады.

Бұл жағдай дамуға шектеу қоятын санкциялармен, сауда соғысымен, ғарыштағы қарқынды бәсекелестікпен, кибер-технология және жасанды зияткерлікпен одан әрі ушығып жатыр. Осы айтылғандардың бәрі тереңге еніп бара жатқан дағдарыстың пайда бола бастағанын білдіреді.

Үшіншіден, күннен-күнге артып бара жатқан әлеуметтік, экономикалық және технологиялық теңсіздік, солтүстік пен оңтүстік арасындағы теңсіздік, сондай-ақ жаһандық қарыз дағдарысы қазіргі экономикалық ландшафты бұзады.

Сәйкесінше, халықаралық әріптестік пен ынтымақтастықты әлсірететін протекционизм мен ұлттандырылған саясаттың куәсі болып отырмыз.

Төртіншіден, қоршаған ортаның бұзылуы әлемдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналды.

Мәселен, Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі шөлейтті жерлердің көбеюі, мұздықтардың еруі, ауыз су мен ирригациялық судың азаюы сынды драмалық экзистенционалды мәселелерге әкеп соғуы мүмкін.

Қазақстан осындай күрделі ахуалға қарамастан тұрақты және көпжақты әрі бейбіт даму саясатын нақты жүргізіп келеді.

Ядролық қарудан азат әлем құру менің елімнің басты мақсаты болып қала береді. Бұл қазақ халқының жалпыхалықтық біртұтастығының ажырамас бөлігіне айналып, ядролық қаруды жою жөніндегі жаһандық қозғалыстың алдыңғы шебінде болуға моральдік құқық береді.

Біздің пайым бойынша, жаппай қырып-жою қаруы – мемлекеттердің қолындағы актив емес, ғаламдағы бейтішілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіріп тұрған құрал.

Өкінішке қарай, кейбір елдер өздерінің ядролық арсеналға негізделген стратегиялық қорғаныс құралдарына иек артып, бәсекелестерін ассиметриялық жауап қату мүмкіндігін қарастыруға итермелеп жатыр.

Осы тұрғыда Қазақстан үлгі боларлық жұмыстар атқарып, қалыптасқан жағдайды өзгертуге күш салуда.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мықты басшылығымен Қазақстан Семей ядролық полигонын жауып, әлемде қуаттылығы жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты.

Бұл шешімдер ядролық қарусыздану және таратпау саласында жаһандық көшбасшылыққа шығу жолындағы алғашқы қадам болды.

Осы игі іске қосқан үлесіміздің бірі ретінде мен Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақтың құрылуын айтар едім, МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі біздің елімізде орналасқан, біз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнінде БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдадық және жақында ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты бекіттік.

Барлық мемлекет қауіпсіз болашақтың жол картасы ретінде ядролық қарусыз әлем құру туралы жалпы декларацияны қолдауы керек.

Біз сондай-ақ ядролық қарусыз аймақтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңаларын құруға мүдделіміз.

Қазақстан Иранға және Корея түбегінің ядролық қарусыздануына қатысты бірлескен іс-қимыл жоспарындағы мәселелер саяси амалдармен әр қайсысының мүддесі ескерілген түрде шешілуі қажет деп ойлайды.

Құрметті делегаттар!

Біздің мемлекет қашан да әлемдік аренада берік дипломатия мен тараптарды татуластары ұстанымын қолдайды.

1992 жылы осы мінберден Қазақстанның Тұңғыш Президенті қауіпсіздік мәселелерін шешуге ұжымдық көзқарастар алаңы ретінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары конференциясын шақыруды ұсынды.

Уақыт өте келе Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары конференциясы өзінің құндылығы мен өміршеңдігін дәлелдеді. Біз осы процеске қосылған барлық серіктестерімізге алғыс білдіреміз.

Азияның қарқынды артып келе жатқан экономикалық әлеуеті бір-бірімен тығыз байланысты құрлықтық интеграцияны қажет етеді.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары конференцияны қауіпсіздік пен дамудың толыққанды аймақтық ұйымына айналдыратын кез келді.

2020 жылы оған төрағалық ету арқылы біз бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Соңғы екі жылда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу арқылы біз қауіпсіздікті күшейтуге, ядролық қаруды таратпауға және аймақтық әріптестікті баса мән беріп отырмыз.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік қызметтеріне қатысып келеді.

Үндістандық әріптестерімізбен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы 120 адамдық уақытша күштеріне қатысамыз.

Біз сонымен бірге, Қазақстан діндер мен өркениеттер арасындағы үнқатысудың жаһандық орталығына айналғанын мақтанышпен айтамыз.

2003 жылдан бастап елордамыз БҰҰ қолдауымен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш жылдық Конгресін шақыру құрметіне ие болды.

Ханымдар мен мырзалар!

Біз бүгінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамзат өркениетінің бесігі — Таяу Шығыстағы оқиғалардың қалай өрбитініне қауіппен қарап отырмыз.

Сондықтан бейбітшілік пен өзара сенімді нығайтуға бағытталған өміршең екіжақты және көпжақты әрекеттерді қолдауға дайынбыз.

Инклюзивті диалогқа деген көзқарасымыздың мысалы ретінде Қазақстан сирияаралық келіссөздерге алаңын ұсынады. Бүгінге дейін елордамызда осы келіссөздердің 13 раунды өтті.

Женева келіссөздерін толықтыратын Астана процесінің арқасында соғыс қимылдарын тоқтатуға қол жеткізілді. Босқындардың үйлеріне оралуы үшін жағдай жасалып, қауіпсіз аймақтар құрылды.

Қақтығыстар жойқын болып, терроризм мен экстремизмді тудыратыны бәрімізге белгілі. Бұл сын-қатерлер

Біріккен Ұлттар Ұйымының ықпалымен терроризмге қарсы жаһандық желі және бірлескен іс-қимыл арқылы жоюға болады.

Терроризмге қарсы қарекет ретінде Қазақстан 2045 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығына орай терроризмнен азат әлем құру үшін мінез-құлық кодексін ұсынды және біз барлық мемлекетті осы үдеріске қосылуға шақырамыз.

Биыл Қазақстан халықаралық серіктестерімен бірлесіп, «Жусан» арнайы гуманитарлық миссиясын сәтті аяқтады.

Нәтижесінде терроризмді насихаттаумен айналысқан 595 қазақстандық, оның ішінде 406 бала Сирияның соғыс аймақтарынан үйлеріне оралды.

Біз өз тәжірибемізді басқа елдермен бөлісуге және оларды осындай шараларды қабылдауға шақырамыз. Ондаған жыл бойы Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық байланысы әлсіз болды, бұл олардың тұрақты түрде дамуына кедергі келтірді.

Бүгінде мүдделері мен өзіндік мәселелер бар аймақ дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Осыған байланысты өңірдегі 5 елдің сындарлы саяси диалогы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастар мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты дамытуға бағытталады.

Былтыр елордамызда өткен жоғары деңгейдегі бейресми кездесулердің бірінші раундынан кейін аймақта өзгеше мүмкіндіктер пайда болды.

Орталық Азияның жаһандық рөлі күшейе түсетініне толық сенімдімін. Бізді ортақ тарихи және мәдени мұра байланыстырады. Болашағымыз да ортақ.

Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде барлық мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі.

Ауғанстандағы жағдай біздің аймаққа тікелей әсер етеді. Осы ел басшылығымен және жетекшілігімен жүргізілетін бейбітшілік процесі арқылы барлық негізгі мүдделі тараптардың қолдауымен ұзақмерзімді бейбітшілік пен өркениет қалыптасады деп сенеміз. Қазақстан ауған халқына өз мемлекетін қалпына келтіруге қолдау көрсетуді жалғастырады.

Жаһандық және аймақтық серіктестік, ұзақ мерзімді инвестициялар және аймақтық интеграциялық процестер – мұның бәрі осы елдің бейбіт болашағы үшін өте маңызды.

Құрметті делегаттар!

Біріккен Ұлттар Ұйымының өз миссияларын орындау қабілеті күрделі сынақтардан өтуде. Сондықтан, ұйымның Бас хатшысы алға тартқан реформалардың батыл және айқын көрінісі барлық мүше мемлекеттердің кең қолдауына лайық.

Қазақстан күн тәртібіндегі міндеттердің 2030 жылға дейін толық орындалуына ерекше назар аударады. Біз орташа табысы бар елдердің тағдырын қайталамауға тырысамыз.

Тұрақты даму мақсаттары аясындағы міндеттерге біздің стратегиялық мемлекеттік бағдарламалардың 80% біріктірілген.

Мамыр айында мен Қазақстанда халықаралық ұйымдардың жаңа ғимаратын аштым. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының 16 агенттігі бар. Келесі қадам ретінде біз Орталық Азия мен Ауғанстанға көмек беру мандатымен Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттары орталығын осы ғимаратқа орналастыруды ұсынамын.

Еуразиядағы ең ірі көлік және транзиттік аумақтың бірі бола отырып, Қазақстан ЕАЭО мүшесі және «Бір белдеу, бір жол жобасы» шеңберіндегі сенімді серіктес ретінде трансқұрлықтық сауданы арттыруда шешуші рөл атқарады.

Ханымдар мен мырзалар!

Осы қиын-қыстау кезеңде біз «Үздіксіздік. Әділет. Прогресс » ұранымен жалпы қоғамдық түрлендіру жолымен жүруді жалғастыруымыз керек.

Қазақстанның саяси жүйесіндегі менің формулам: «Мықты стратегиялық көзқарастағы президент, ықпалды парламент және есеп беретін үкімет».

Бұл тұжырымдама еліміздің негізгі қажеттіліктеріне жауап береді және оның бейбіт және тұрақты болашағын қамтамасыз етеді деп сенемін.

Жаңа президент ретінде мен ең алдымен заманауи әлеуметтік мемлекет құруды мақсат тұтамын. Менің түпкі мақсатым – миллиондаған отандасыма кең ауқымды реформалардың игілігін көрсетіп, экономикасы, сапалы білімі және заманауи медицинасы бар кедергілерден аз қоғамда өмір сүру.

Егер терең саяси өзгерістер болмаса, Қазақстан сәтті әлеуметтік-экономикалық дамудың үлгісі бола алмайды.

Сонымен бірге, Қазақстандағы демократия әлі де жалғасатын жұмыс екенін және мұнда үнемі талдау қажет екенін ескеру қажет. Біз үнемі оны жетілдіруге, жағымды жақтарын дамытуға және жағымсыз тәжірибелерден үйренуге тырысамыз.

Мен өз бағдарламамның аясында мемлекет пен қоғам арасында диалог қалыптастыру үшін қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құрдым.

Менің көзқарасым «әртүрлі пікірлер – бірақ біртұтас ұлт» ұғымына негізделген.

Пікір алмасу мен диалог арқылы біз алға жылжуымыз керек. Барлық салада заңдылықты және азаматтардың күнделікті өмірін сақтау үшін құқық қорғау органдары мен соттарды үлкен өзгерістер күтіп тұр.

Популизм – бұл орта деңгей саясаты. Мен бос уәде бермеймін. Мен нақты істердің адамымын. Өзімнің реформалық бағдарламамды нақты іске асырамын.

Келесі жылы БҰҰ өз тарихындағы маңызды кезеңді атап өтеді. Бұл оқиға сенімсіздік пен әскери араздықты тоқтату үшін жан-жақты халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігерімізге жаңа серпін беруі керек.

Мен халықаралық қауымдастықты және барлық серіктестерімізді әлем қауіпсіздік, ынтымақтастық және өзара сенім жолында алға басуы үшін күш біріктіруге шақырамын.

Біз болашақ ұрпақтың қамын ойлауымыз керек және олардың жаңа экономика мен технологияны құруға қатысуын қамтамасыз ету қажет.

Біз қоршаған ортаны қорғауымыз керек, технологиялық өзгерістерге ықпал етіп, адамдарды медициналық қызметпен және біліммен қамтамасыз етуіміз керек.

Болашақ ұрпақтың тағдыры біздің қазіргі тұрақсыз әлемдегі жағдайдан әлдеқайда жақсы болуы керек.

Халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстан бейбітшілік орнатуға және адам құқықтарын, абырой мен өркендеуді ілгерілетуге бағытталған ұжымдық іс-шараларға үнемі қатысады.

Дереккөз: https://24.kz

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close