Қаржы және төлемдер
Онлайн аударымдарлы бақылау қалай жүзеге асады?
Фото: ашық дереккөз
Мемлекеттік кірістер комитеті камералық бақылау жүргізеді.
Кәсіпкерлікпен айналысатын адамдарға өзінің бизнес есепшотын пайдалануға кеңес беріледі. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтты, деп хабарлайды qandastar.kz
«Халықтың көпшілігі тек Kaspi банк аударымдары бақылауға алынады деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл бақылау барлық екінші деңгейлі банктердегі мобильді аударымдарға қатысты болмақ. Бізде мобильді аударымдарды бақылауда арнайы белгіленген өлшемшарт бар: бір айда 100 немесе одан да көп тұлғадан үш ай қатарынан мобильді аударым түссе, осы кісілер салық органдарының назарына ілінеді. Мәселен, қаңтар айында 100 немесе одан да көп тұлғадан аударым түсті, ақпан айында тағы 100 адамнан және наурыз айында 100 түрлі адамнан аударым түссе, мұнда кәсіпкерліктің нышаны бар деген сөз», − деді Ерсайын Көптілеуұлы агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.
Бұл ретте той-садақа немесе емге ақша жинау да мобильді аударым жолымен жүргізіледі. Олар арнайы хабарлама алады және өзінің кәсіпкерлікпен айналыспайтыны жөнінде түсінік бере алады.
Екінші деңгейлі банктер үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан мобильді аударым алған азаматтар туралы мәліметті Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберіп отырады, тиісінше кірістер комитеті камералық бақылау жүргізіледі.
«Олар неліктен осы өлшемшарттан асып кеткенін, қай уақытта емге қаражат жинағанын түсіндіре алады. Мүмкін болса оны дәлелдейтін құжаттарды көрсетсе, еш мәселе туындамайды, бұл салықтандыруға жатпайды. Біз тек қана кәсіпкерлік кірістерді анықтау үшін мобильді аударымдарды тексеріп жатырмыз. Ал егер шын мәнінде кәсіпкерлікпен айналысып, мобильді аударымды қолданып келсе, міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек, кәсіпкерліктен тапқан кірісін декларациялап, 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығын төлейді», – деп түсіндірді ол.
Бұған дейін Ерсайын Көптілеуұлы мобильдік аударымдарға қойылатын шектеу мәселесін түсіндірген еді.