Жаңалықтар

Ираннан көшірілген қандастар Солтүстік Қазақстан облысына қоныстанды

Жақында Ираннан Қазақстанға көшірілген 20 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына келді. Олар 21 қыркүйекте үш елді мекен атап айтқанда, Есіл ауданындағы Петровка мен Николаевка және Шал ақын ауданындағы Сергеевка ауылдарына қоныстандырылды.

Петропавлдан 90 шақырым жердегі Петровка ауылына 4 отбасы – барлығы 13 адам көшіп келді.

– Балалар мектеп пен университетте иранша оқыған. Бәрі жұмыста. Біз өзіміз сауда жасап жүрдік. Жағдайымыз жаман емес, жақсы. Құдайға шүкір, ол жерде де жақсы еді. Бұл жерде да жақсы болады деп ойлаймыз енді, – деді Қазақстанға көшіп келген қандас Миуа Бәли.

120 шақырым жердегі Николаевка ауылында «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға 30 үй салынған. Енді сол үйлерге 10 этникалық отбасы қоныстанады. Қалғаны Шал ақын ауданы Сергеевкаға орналастырылды.

– Тағы екінші толқын келеді. Нағыз қаймақтары, зиялы топ келеді деп ойлаймын. Қазіргі кезде бізге бір дәрігер, механик, экскаваторщик, дәнекерлеуші, тігінші келді. Мұнда олар өзі ісін ашады, ұлттық киім тігеді, кілем тоқиды. 20 жұмыс орны ашылады. Сонда істейді, — деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Солтүстік Қазақстандағы бөлімінің жетекшісі Арман Сүйіндіков.

Оның айтуынша, қандастарға қазақ тілін үйренуге көмек көрсетіледі. Ол үшін аптасына үш рет тегін сабақтар ұйымдастырылады.

Қыркүйектің ортасында Қазақстанға Ираннан 53 қандас көшіріліп әкелгені хабарланған. Олардың 25-і – бала.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда жыл басынан бері 12 501 адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. 1991 жылдан бері елге 1 млн. 82,8 мың этникалық қазақ оралған.

Жыл басынан бері СҚО-ға Ресей мен Өзбекстаннан 40-қа жуық отбасы көшіп келген.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close