Әлеумет және қоғам
«Үкімет Қожанасырдың нұсқасын жасады» — депутат Жаңбыршин

Фото: видеодан кадр
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Экология министрлігінің өкіліне елді мекендерді ерекше қорғалатын табиғи аумаққа ауыстыру туралы сауал қойды,— деп хабарлайды qandastar.kz Dalanews.kz-ке cілтеме жасап.
Оның сөзінше, бұл мәселе Үкіметке дейін жеткен, алайда Үкімет нақты шешім ұсынбаған.
«Менің қояйын деп отырған сұрағым заң жобасында ең пікірталас туғызған мәселеге байланысты. Заң жобасына елді мекендерді, инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандарды ерекше қорғалатын табиғи аумақтан басқа жердің санатына ауыстыру жөнінде норма кірген болатын. Бұл нысандардың бәрі ерекше қорғалатын табиғи аумақ жасақталмай тұрып, кеңейтілмей тұрып бар дүниелер еді. Енді депутаттар тарапынан екі норма ұсынылды. Бірінші — ешқайсын да ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шығармау, екіншісі — елді мекендерді ғана қалдырып, қалғандарын шығарып, олардың жөндеу жасауына мүмкіндік беру. Осы мәселе дау туғызғаннан кейін Үкіметке жібердік. Үкімет Қожанасырдың нұсқасын жасады. Қожанасырға екі адам өздерінің дауын шешіп бер деп барады ғой. Сонда Қожекең «сенікі де дұрыс, оныкі де дұрыс, оны айтып тұрған менікі де дұрыс» дейді. Жұмыс тобында депутаттардың өздері бір вариантын дауысқа салып, қабылдады. Елді мекендер ерекше қорғалатын табиғи аумақтан шықпайды. Қалғандарын басқа санатқа аударуға болады дейді. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сұрағым, сіздердің позицияларыңыз қандай?» — деп сұрады депутат.
Министрлік өкілі депутаттың сауалына жауап берген соң Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та сөзге араласты.
«Қайсыңыздікі дұрыс екенін білмеймін. Қанағаттандыңыз ба?» — деп күлді.
Депутат та қайта сөз алды.
«Бір позиция болуы керек. Екінші позицияны қолдадық деп отыр. Сондықтан Қожанасырдың варианты өтпей қалды», — деп жауап берді депутат.