
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға енгізілетін түзетулер жөнінде халыққа жалған ақпарат таратылып жатқанын айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Депутаттың айтуынша, осының салдарынан кейбір депутаттарға қатысты тікелей зорлық-зомбылық жасауға, тіпті атып өлтіруге шақырулар айтылған.
Абзал Құспанның айтуынша, қазіргі үй жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы қоғамда түрлі пікір тудырды.
«АЭС мәселесі, жаңа Конституция төңірегіндегі талқылаулар, қазіргі үй жануарларына жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы — осының бәрінде бір сценарий қайталанып отыр.
Соңғы жағдай бойынша бір ғана қарапайым мысал.
Әлеуметтік желілерде, соның ішінде Facebook-та жазылған пікірлердің бірқатарында депутаттарды, оның ішінде Жаңбыршин, Пономарев секілді әріптестерімізді атымен атап, оларға қатысты тікелей зорлық-зомбылық жасауға, тіпті атып өлтіруге шақырулар айтылған», — дейді депутат.
Айтуынша, бұл — жай эмоция емес. Бұл — құқықтық баға беруді қажет ететін нақты әрекет.
«Қақтығыс тек депутаттар мен жекелеген азаматтар арасында ғана емес, осы заң жобасын қолдаған және қарсы болған топтардың арасында да қауіпті деңгейге дейін ушығып отыр.
Мұндай әрекеттердің құқықтық шегі бар.
Жеккөрушілік тудыру, араздық қоздыру, зорлық-зомбылыққа шақыру — бұлар заңмен тікелей тыйым салынған әрекеттер.
Сондықтан мұндай фактілерге құқық қорғау органдары нақты құқықтық баға беруге тиіс», — дейді ол.
Абзал Құспан өз ұстанымын жеткізді.
«Біз «Заң мен Тәртіп» қағидатын сөз жүзінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етуге міндеттіміз.
Қоғамдық талқылау болуы керек — бірақ ол жауапкершілікпен жүргізілуі тиіс.
Сын болуы керек — бірақ ол дәлелге негізделуі тиіс.
Келіспеушілік болуы мүмкін — бірақ ол заң аясында шешілуі тиіс.
Бізде бұл үшін барлық институционалдық тетіктер бар.
Нақты мәселе алаңдатқан адам — диалогқа келсін. Ұсыныс берсін. Бақылауға қатыссын. Бұл — дұрыс әрі нәтижелі жол», — деді ол.



