Жаңалықтар
Шымкент қаласында бірнеше мекеме жанар-жағармайды жоғары бағада сатып алмақшы болған
Еліміздегі соңғы жағдайлардан кейін 06.01.2022 ж. Қазақстан РеспубликасыЭнергетика министрлігі жанар-жағар майдың шекті бағасын белгілеген болатын.
Атап айтсақ, жанар-жағар майдың “АИ-92” және “АИ-93” маркалары үшін литріне 182 теңге, “АИ-95” маркасы үшін әр литріне 215 теңге белгіленді.
Алайда, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасына қарасты “Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы” МКҚК мен “М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті” КеАҚ жоғарыда аталған заң талаптарын ескермей, мемлекеттік сатып алу жариялаған.
Аталған заң бұзушылықты “Әділдік жолы” РҚБ Шымкент қаласындағы филиалы сыбайлас жемқорлық мониторингі барысында анықтаған.
– М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті АИ-92 маркалы бензиннің литріне 210 теңге, АИ-95 маркалы бензиннің литріне 235 теңге белгілеп, жалпы сомасы 14 324 900 теңгеге хабарлама жарияласа, Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасы АИ-92 маркалы бензин үшін 185 теңге белгілеп, 3 829 500 теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Осылайша мемлекеттік сатып алу бойынша хабарлама жариялар кезде заң нормалары өрескел бұзылған.
Біздің тарапымыздан анықталған заң бұзушылық туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне хат жолданған болатын. Бүгінгі таңда заң бұзушылықтар расталып, мемлекеттік сатып алу бойынша жасалған шарттардың күші жойылғаны жауап алып отырмыз, – деді өз сөзінде “Әділдік жолы” РҚБ Шымкент қаласындағы филиалының басшысы Айжан Кесебаева.
Сондай-ақ, қоғам өкілі аталған бірлестіа тарапынан мемлекеттік сатып алу порталында сатып алуларға үнемі бақылау жасап отыратындарын айтты.