Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 46 миллиард теңгені заңсыз шығару ісі бойынша іздеуде жүрген күдіктілердің бірі — Аслан Дүйсенов ұсталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Женіс Елемесов хабарлады, деп жазады qandastar.kz.
Агенттік мәліметінше, Дүйсеновке бұған дейін сырттай айып тағылып, сот оны қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Осыдан кейін ол іздеу жарияланған тұлғалар тізіміне енгізілген болатын.
Қазан айының басында агенттік Аслан Дүйсенов, Ғаббас Иманбаев және Есімхан Елесовті іздестіріп жатқанын мәлімдеген. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер жалған стоматологиялық клиникалар құрып, сол арқылы БЖЗҚ қаражатын заңсыз айналымға шығарып отырған.
Қаржы мониторингі агенттігі тергеу жалғасып жатқанын, өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін хабарлады.