Жаңалықтар
«Қазақстан темір жолы» 2,9 трлн теңге қарызын қалай қайтарады
Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2,9 трлн теңге қарызын тарифті көтеру есебінен қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы компания басшысы Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді,
Оның айтуынша, компанияның берешегін өтеудің екі жолы бар – тарифті көтеру немесе капиталдандыру есебінен.
«2,9 трлн теңге – бұл компанияның қарызы. Оны тек екі әдіспен қайтаруға болады. Біріншісі – тарифті көтеру. Себебі бұл ақша жаңа теміржол құрылысына жұмсалған, бірақ оның инвестициялық бөлігі тарифке қосылған жоқ. Екіншісі – капиталдандыру есебінен қайтару. Егер мемлекет төмен тарифті ұстап тұрғысы келсе, онда ол бізге мұны субсидиялауы қажет немесе тарифті көтеруге рұқсат беруі керек, басқа жол жоқ», – деп түсіндірді Сауранбаев сенат кулуарында.
Айтуынша, қазір ҚТЖ мұны транзитті ұлғайту есебінен өтеп жатыр.
Сауранбаев ҚТЖ тарифтерінің 80 пайызы өзіндік құнынан төмен екенін атап өтті.
«Біз көміршілерді де, металлургтерді де қаржыландырамыз. Біз барлығын қаржыландырып отырмыз. Неге олай болуы керек?», -дейді ҚТЖ басшысы.