Үкімет шопандар мен малшылардың зейнет жасын төмендету мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz. Бұл бастама 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын қолдау және дамыту жөніндегі кешенді жоспардың бір бөлігі болмақ.
Бұл туралы депутаттық сауалға жауап берген Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа бағдарлама ауылдық жерде жұмыс істейтін еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталады.
Жоспарда шопандардың балаларына тегін жоғары білім алу және әскери қызметтен босату сияқты әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылып отыр.
«Мемлекет ет өндірісін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Субсидиялау тетіктері жетілдіріліп, 2,5–5% жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие бағдарламалары кеңейтілуде. Сондай-ақ фермерлерді біріктіретін «ет өндіру кластері» моделі енгізіліп жатыр», – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін құтқарушылар да зейнет жасын төмендету туралы бастама көтерген еді. Шілде айында Павлодар облысының ТЖ қызметкерлері ауыр әрі қауіпті жұмыс жағдайын ескере отырып, 55 жаста зейнетке шығу ең тиімді шешім болатынын айтқан болатын.