7 қараша күні Almaty Theatre сахнасында продюсер Багым Мұхитдинованың концерті өтті. Шара барысында көпшіліктің сүйікті әншісі Жанар Дұғалова көрермен алдында ерекше әсерлі орындауымен көрінді, деп хабарлайды qandastar.kz.
Әнші кеште өзінің әйгілі «Бір сұрақ» әнін орындап, залда отырған тыңдармандарды тебірентті. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желілерде тез тарап, желі қолданушылары әншінің сахнаға қайта оралуын талап етіп жатыр.
Желіде жанкүйерлер «Қашан жеке концерт бересіз?», «Осындай концерт болса, міндетті түрде барамыз!», «Бір сұрақты» жанды дауыста тыңдағымыз келеді!» деген пікірлерін қалдырған.
Айта кетейік, қазір Жанар Дұғалова халықаралық вокалдық жоба Silk Way Star жобасында қазылар алқасының мүшесі болып қызмет етуде. Оның соңғы музыкалық жаңалығы «Есімдер» әні 31 мамыр күні жарық көрген еді.
Өткен жылы әнші тұрмысқа шығып, шығармашылықтан аздап үзіліс алған болатын. Дегенмен, тыңдармандары сүйікті әншісінің үлкен сахнаға қайта шығуын асыға күтуде.



