Елімізде тұрақты тұруға шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың рұқсат алуы
Қызметті мемлекеттік органнан қалай алуға болады (Қажетті құжаттар): ҚР тұрақты тұруға рұқсатты беру туралы өтініш-сауалнама. Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің ұлттық паспортының көшірмесі және түпнұсқасы, азаматтығы жоқ адамның құжаты, жарамдылық мерзімі өтініш берген күні күнтізбелік 180 күннен астам болуы тиіс. Оның азаматтығы бар мемлекеттің жазбаша келісімі, ол кету парағы не шетелге тұрақты тұруға шығуға арналған рұқсатты растайтын басқа құжат ретінде жүруі мүмкін (босқындар деп танылған немесе Қазақстан Республикасында пана ұсынылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды және егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қытай Халық Республикасынан келетін этникалық қазақтарды қоспағанда). Өз қолымен толтырылған өмірбаян. Этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, "Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттар алуға үміткер шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасында болу кезеңінде өздерінің төлем жасау қабілеттігін растау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қарашадағы № 1185 қаулысына сәйкес өзінің төлем қабілеттілігін растау туралы құжат. Азаматтығы тиесілілігі және (немесе) тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген құжат. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға 14-нан 18 жасқа дейінгі баланың нотариалды куәландырылған келісімі. Өтініш берушіге тұруға тұрғын үй ұсыну және тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке және заңды тұлғамен нотариалды куәландырылған шарт не нотариалды куәландырылған келісім. "Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 664 бұйрығына (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 24 қазанда № 7274 тіркелді) сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға келуге тыйым салынатын сырқаттардың бар-жоғы туралы Қазақстан Республикасы медициналық мекемесі берген шетелдіктің медициналық куәландыру анықтамасы; Көлемі 35х45 мм бір фотосурет. Тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген басқа мемлекеттің азаматтығының болмауы және тоқтатылуы туралы құжат (азаматтығы жоқ адам өтініш берген кезде).