Әлеуметтік желіде журналист Дәурен Сейітжанұлы аудан әкімдерін сайлау тақырыбына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, 2023 жылы пилоттық режимде тікелей сайланған 45 аудан және облыстық маңызы бар қаланың әкімі күткен нәтижені толық көрсете алмаған, деп жазады qandastar.kz.
Журналист бұл идеяның әуел бастан көп күмән тудырғанын айтады. Сол уақытта ұсынысты «демократияға қадам» деп түсіндіруге тырысқандар көп болған. Тіпті облыс әкімдерін де сайлау қажет деген пікірлер белең алған. Алайда оған жету үшін қоғамның дайындық деңгейі жеткіліксіз екенін атап өтті.
Дәурен Сейітжанұлының сөзінше, ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енді ғана енгізілгенімен, тұрғындар жаңа саяси жүйеге әлі толық бейімделіп үлгермеген. Кей аймақтарда апта сайын сайлау өткізілуі электораттың шаршауына алып келіп, аудан әкімін сайлауға қатысу көрсеткіші де төмендеген.
Сонымен қатар кандидаттардың қабілетіне қатысты мәселе де бар. Блогерлер белсенді кезеңде популистік көзқарастағы, сөзге шешен, бірақ басқарушылық тәжірибесі аз үміткерлердің билікке келу ықтималдығы жоғарылаған. Журналист мұндай жағдайда ауданның дамуын тәжірибесіз тұлғаларға сеніп тапсыру қауіп төндіретінін жазады.
Экономикалық шығын да назарда. Аудан әкімдерін тікелей сайлауға миллиардтаған теңге жұмсалған. Оның нәтижесінде бар болғаны 45 әкім және қайта сайланған бірнеше басшы ғана анықталды. Бұған кей өңірлердегі дау-дамайлар мен кандидаттардың лайықтылығы төңірегіндегі сын да қосылған.
Осы факторларды ескере отырып, журналист аудан әкімін халықтың емес, аудандық мәслихаттың сайлауы тиімдірек болуы мүмкін деген ұсыныстар айтылып жатқанын жеткізді.