Ресейдің барлық өңірлерінде WhatsApp мессенджерінің жұмысында жаппай техникалық ақау байқалуда. Қолданушылардан түсіп жатқан шағымдар саны күрт артты. Ең көп шағым Мәскеу, Санкт-Петербург және Воронеж қалаларынан келіп түскен, деп жазады qandastar.kz.
РБК деректеріне сәйкес, мессенджердің жұмыс жылдамдығы шамамен 80%-ға төмендеген. 2025 жылдың желтоқсан айының екінші жартысынан бастап WhatsApp өте баяу істей бастаған: тіпті мәтіндік хабарламалардың өзі бірнеше минут кешігіп жіберіледі. Ал құжаттар мен суреттерді жіберу көптеген өңірлерде тек арнайы техникалық құралдарды қолдану арқылы ғана мүмкін болып отыр.
Ақау мобильді интернетте ғана емес, үйдегі интернет желілерінде де тіркелуде. Айта кетейік, WhatsApp — әлемдегі ең танымал мессенджерлердің бірі, оның пайдаланушылар саны 2 миллиардтан асады. Ресейде де бұл қосымша жылдар бойы ең сұранысқа ие жедел хабар алмасу құралы болып келді: тұрғын үйлердің, мектептердің және басқа да топтық чаттардың басым бөлігі дәл осы платформада құрылған.


