ФК «Тараздың» директоры Дидар Сыдыкбек алматылық «Қайрат» клубының қақпашысы Шерхан Қалмұрза бойынша ресми ұсыныс дайындап жатқанын мәлімдеді, деп жазады qandastar.kz.
18 жастағы голкиперге Тараз клубы қызығушылық танытып отыр.
Клуб басшысы бұл туралы өзінің Telegram-арнасында жазды. Оның айтуынша, Шерхан Қалмұрза Жамбыл облысының тумасы.
«Шерхан Калмурзаға қызығушылық танытып отырмыз. Ұсыныс жасап, келіссөздер бастаймыз», – деп жазды Сыдыкбек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салайық, Шерхан Калмурза Алматыда өткен «Қайрат» пен Реал Мадрид арасындағы матчтан кейін кеңінен танылды. Ол негізгі екі қақпашы жарақат алған соң алаңға шыққан еді. Осы ойыннан кейін Бельгия құрамасының қақпашысы Тибо Куртуа жас қазақстандық голкиперді әлеуметтік желідегі жазбасында атап өтті.
Сонымен қатар, УЕФА Шерхан Калмурзаның Килиан Мбаппе соққысына жасаған сейвін үздік құтқарулар топтамасына қосты. Ал Ресейдің ЦСКА клубының қақпашысы Владислав Тороп Шерхан Қалмұрзаға сыйға тартылған көлікке қатысты сұраққа берген жауабынан кейін дау тудырып, кейінірек кешірім сұрады.

