Қоғамдық тамақтану орындарының келушілерден кіру үшін ақы талап етуі заң талаптарына қайшы. Бұл туралы блогер Рүстем Баязиев мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы Atyrau OIL редакциясына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, мейрамханалар мен ойын-сауық орындары тұтынушыдан тек нақты көрсетілген қызмет үшін ғана ақы алуға құқылы. Ал мекемеге кіргені үшін төлем талап ету немесе алдын ала белгілі бір соманы міндеттеу – тұтынушылардың құқықтарын шектеу болып саналады.
— Мейрамханаға кіру ақылы болмауы тиіс. Егер клиент ешқандай қызмет алмаған болса, одан алдын ала ақша талап ету заңсыз. Бұл – тұтынушының еркін таңдау құқығына қайшы, — дейді Рустем Баязиев.
Сондай-ақ ол азаматтардың өз құқықтарын қорғау жолдарына тоқталды. Оның сөзінше, егер мейрамхана немесе кафе келушіден кіру үшін ақы талап етсе, немесе депозитсіз кіргізуден бас тартса, мұндай жағдайда сотқа жүгінуге және Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым түсіруге болады.
— Әрбір азамат өз құқығын білуі керек. Мұндай талаптармен келіспеген жағдайда, тиісті органдарға жүгініп, заң аясында жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бар, — деп атап өтті ол.
Маман мейрамхана иелері мен кәсіпкерлерді қолданыстағы заңнаманы сақтауға шақырып, ал тұрғындарға құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызын ескертті.



