Жұмыспен қамту

Жаһандану және ұлттық мәдениет

Жаһандануды әмбебап мәдениетке қол жеткізу процесі ретінде танитындар мен бұның жүзеге асуының мүмкін еместігін өздерінше дәләлдеп жүргендер көп [1].

Әуел баста бұл дүниедегі мәдениет атаулының әртүрлі болғандығын, кейіннен этникалық топтардың бірігіп, айырмашылықтарының азайып келе жатқандығын, ғылым мен технология көмегі арқылы да бұл айырмашылықтар жойылып, ортақ саяси, экономикалық және мәдени негізге қол жеткізуге болатындығын айтып жүргендер де кездеседі.

Негізінде этникалық топтар арасындағы айырмашылықтар сырт көзге ғана солай көрінеді, ал шындығында, негізгі құрылымдық мәселелерде топтардың әрдайым бір-бірлеріне ұқсас екендіктерін дәләлдеп жүрген теоретиктер де әрбір қоғамның бірыңғай процестерден өту арқылы нәтижесінде бір ғана адамзат қоғамына, яғни, әмбебап мәдениетке жететіндігіне сенеді [2].

Болашақтағы осындай әмбебап мәдениеттің діңгегі  Батыс Өркениеті деген пікір кең етек алып келеді [3]. Бұл теорияның төркінінде Батыс империализмі мен әмбебап мәдениеттің көзі Батыс Өркениеті деген түсінік жатыр [4]. Бұл процессті Батыстың бүгінгі жүйесін сақтап қалу, капиталистік өндіріс, нарық пен капитал арасындағы   кедергілер мен тығырықты кешеуілдету үшін ойлап тапқан шара деп білетіндер де кездеседі [5].

Міне, осындай оғаш түрдегі өзгеру процесі — идеологияға айналып, қашып құтыла алмайтын процестің ішіндеміз деген сияқты үгіт-насихат белең алып барады. Олар, жаһандану арқылы барлық лаңкестіктер, соғыстар бітеді, бейбіт-мамыржай тіршілік басталады деп сендіруде. Жаңадан бас көтеріп келе жатқан соғыстар — халықаралық дәрежеде емес, мемлекет ішінде аймақтық-этникалық соғыстар болады дейді. Бұл жағдайда, жаһандануға қарсы бөгет болып тұрған ұлттық мемлекеттер, ұлттық мораль және мәдениет сияқты құрылымдарды жою, бөлу, ал аймақтық болмыстарды қолдау арқылы, жаһандану үшін оңай жұтылатын күлшеге айналдыру қажет екен.

Міне, көріп отырғанымыздай қазақ ұлты үшін, жаһанданудың аранына жұтылып кететін күлше болмау үшін, ұлттық сана мен ұлттық ізденістер және шешімдер үшін ең алдымен ұлттық саясат қажет болып тұр. Өйткені, қазақ болмысына қауіп төніп тұр, жаһандану идеологтары ұлттық бірлік пен мемлекеттің уақыты бітті деп жар салуда. Енді ғана ұлтымызды, қазақтық болмысымызды сезініп келе жатқан кезімізде бұл үлкен мәселе. Сондықтан алдымен мәдениеттік тұғырдың мәні мен ұстандарына көңіл бөлу шарт.

Адамның шыр етіп дүниеге келген уақыттан бастап өскен ортасы, кеңістігінен алған мәліметтері мен танымдары негізінде қабылдаған құндылықтар дүниесі мен қам қарекетіне кең мағынада мәдениет деп қараймыз. Мәдениеттің ең басты күретамырлары дін, дүниетаным, мағлұмат, тарихи сана мен жад.

Біздің қолданатын заттық (материалдық) және рухани дүниелеріміз бен қам қарекеттеріміз мәдениетіміздің көрінісі болып табылады. Осы мәдениеттің қанға сіңуі және келесі ұрпаққа аманат ретінде берілуіндегі ең басты қызметті тіл атқарады. Егер ана тіл шұбарланып тұншығар болса, ой да көмескеленіп, мәдениет те өледі дей беріңіз. Онда «ұлттық мен» немесе ұлттық болмыс та жойылды деген сөз. Ана тілі — «ұлттық болмыстың» еркін ойлауы мен тыныстауын, ұлттық сананың үздіксіз жаңғыруы мен түлеуін, оның ғарышпен үндесуін реттеп отыратын рухани шабыт көзі — ұлттық құндылықтарымыздың өрісі.

Ана тіл және «ұллтық болмыс» немесе «ұлттық сана» арасында өте тығыз байланыс бар екендігі белгілі. Бұл жерде «Ұлттық болмыс» деп қандай да бір қоғамның ұлт екендігін айқындайтын қасиетті айтып отырмыз. Ал «ұлттық сананың сол ұлттың болмысы мен тіршілігін жалғастырып, әрі оны басқа ұлттардан ерекшелеп тұратын құндылықтарға деген махаббаты арқылы тануға болады. Қандай да бір ұлттық құндылық деп халықтың оны (құндылықты) қабылдап, «менікі, өзімдікі» деп қастерлеу, құрметтеу қабілетінің деңгейін айтып отырмыз. Құндылықтар біздің дүниетанымдық әлеміміздегі ең негізгі түсініктер мен ұғымдар болса, бұлар ана тіліміздегі «сөз әлемі» мазмұндарының ғасырлар бойы қолданылып келген дүниетанымдық ұстындар негізінде қалыптасады. Әр мәдениеттің өзіне тән дүниетанымдық болмысы бар. Яғни қандай да бір ұлттың ана тіліндегі ұғымдардың мазмұны сол ұлттың белсенді дүниетанымдық сонымен қатар құндылықтық жүйесінің қуаты негізінде қалыптасқандығының көрінісі. Бұл шындық әрбір ұлттың әлемді өз ана тілі арқылы танитындығын тағы да айқындай түседі. Сонымен қатар бұл шындық «ұлттық болмысты» сомдайтын тездің (қалыптың) де қызметін атқаратындығын көрсетеді. Яғни, ана тіл ұлттың өзін анықтайтын және басқалардан ерекшелейтін қасиеттедің қайнар көзі. Міне сондықтан да ұлттын ұлттығын жалғастырып тұрған арналардың басында тіл тұр дейміз. Тіліміздегі сөздер мен ұғымдар мәдениет әлемінен, тарихи сана қатпарларындағы ойлау қалыптары мен танымдық ұстандары еске салып, жаңғыртып отырады. Яғни, біз егер тіліміздегі ұғымдардың орнына жаппай басқа тілдегі «кірме терминдерді» қолданатын болсақ, төл дүнитанымдық дәстүрлер арасындағы негізгі ұстандар мен ойлау жүйеміздегі қалыпты қатпарларға жете алмаймыз. Бұл — ешқашан өзіндік сырлы ой мен пікірге терең бойлай алмаудың, яғни еркін ойлаудан мақрұм қалудың нышаны.

Мәдениет сол қоғамның заттық-рухани салалары тарапынан жасампаздықпен дүниеге келген «перзенті», яғни мирасы болса, сол мирасты иемденушілер әр дәуірде әрбір «ғасырлар тоғысында» оған қамқор болып, төл мәдениетінің жанашырлары екендігін тілімен емес ділімен, ісімен дәлелдей білулері қажет. Әйтпесе ондай қоғам өз мирасының иесі емес жетімегі болып шыға келеді. Мұндай жағдай қоғам үшін берекетсіздік пен хаостың туындауына әкеліп соғады. Ал хаос дегеніңіз ешқашан ұзаққа созылмайды. Оның бостығы басқа мәдениеттер тарапынан оп-оңай толтырыла салады. Бұл құбылыс «құлағы тілік» мәлім жайды, яғни «мен» немесе «ұлттық болмыс» мәселесін өзімен қоса қабат әкеледі. Өзінің «менін» ұмытқан адам — қаңбақ. Оның мақсаты мен бағытын тек «жел» ғана анықтайды. Мәдениетін ұмытқан қоғамның да ахуалы осындай. Шығыстың ойшылы, Нобель сыйлығының иегері М.Иқбал «езілген ұлттардың менін, болмысын ұмыттыру, оларды тарих бетінен жойып жіберудің астыртын жүргізген әдісі мен ойыны» екенін айтып, «…менін жоғалтқысы келмейтін ұлт өзінің өткені, бүгіні мен ертеңі арасындағы қан тамырларын үзіп алмауы» керектігін ескертеді. Сондықтан әрбір ұлт «қуатты тарихи сана арқылы төл тарихымен үлкен махаббат арқылы тұтастықта болу керек» десе, тағы бірде «тарих мәдениеттің жұлыны, оның тіршілігі сақталып, жаңғыртылуында» деп айтпақшы болған ойымызды нықтай түседі [6]. Дегенмен тіл, дін, дәстүр, әдет-ғұрып, құндылықтар, тарихи сана мен сезім т.с.с. ұғымдармен берілген әрбір мәдениет ағзаларының «ұлттық болмысты» қалыптастыратын арналарын аршып, шынайлықпен білек түріп, сын көзбен елеп-екшеп әлі де болса кәдемізге жарата алмағанымыз да шындық.

Енді осы орайда «ұлттық болмыс» өзінің ойлау әлемінің төл ұғымдары мен оның мазмұнын өзінің киіз туырлықты мәдениетінен алуға арналып, «басқалардың» ойлау қорындағы танымдық-құндылықтық ұғымдарынан «қарызға» ала сала, сәл жұмсартып айтар болсақ, төл ұғымдары мен құндылықтарын осы заманға, оның талабына сай негіздеп ұлт әжетіне жарата алмай, қолда барды ұқсата алмаса, онда «ұлттық болмыс» қаласаң да қаламасаң да сенен жатсынап, өзінің берекетсіздігін (хаос) басқа бір мәдениет тарапынан толтырып, оның жетегінде жегіліп, ой сандығын тербетіп, сойылын соғып кете барады. Қандай да бір мәдениеттің басқа бір мәдениеттің шылауы мен қанжығасындағы өңгеріліп кете баруы оның әлсіздігінен емес, Ш.Айтматовтың тілімен түйетін болсақ, сол мәдениетті тасушы төл перзенттерінің мәңгүрттігі мен салғырттығынан. Бәлкім, бұл құбылыс басқа мәдениет қорындағы құндылықтық-танымдық ұғымдарды өзіне еншілеп алған сол «әлжуаз перзенттеріне өкпешіл мәдениетке» үлкен септігі мен көмегін тигізуі де мүмкін… Дегенмен, осындай күйге душар болған «мен» өз болмысынан безіп, «қағынан жеріген құландай» болып, басқалардың болмыстық қомына кіріптар болмай ма? «Мен» қанша дамып түрленсе де «өзі» ретінде емес, «басқаның арнасын қуалай ағып» негізінен аулақ жарықтап, өзіндік ерекшелігі мен табиғатынан ажырамас па екен? Өзінің « Сары арқасы мен ел жайлауы қара шаңырағына» жат болып кетпей ме екен деген сияқты «қос құлақты сұрақтар» шыға келеді.

Мәдениет ұлттың үздіксіз тарихи сабақтастығының жемісі мен жеңісі. Сондықтан мәдениет дегенде ойымызға ұллтық дәстүріміз келеді. Өйткені, ойымызды жеткізетін ұғымдарды дәстүріміздегі дүниетанымдық ұстындардан аламыз. Олар арқылы ана тіліміздегі ұғымдармен ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырамыз. Осы ұстындар арқылы тек қана ойларымызды ғана емес ой-пікір, дүниетанымдық құндылықтар жиынтығынан тұратын мәдениетімізді де мирас етіп келешек ұрпаққа аманат етіп қалдыра аламыз. Басқаша айтқанда адам мәдениет тасушы болмыс болса, мәдениет те сол адамдық «менді» тасушы «аруана» сияқты.

Қандай да бір ұлттың басқа ұлт мәдениетіне еліктеуі, біле тұрып барлық «боқшасын» одан алуы жақсылықтың нышаны емес. Әрине «мен», «басқа» мәдениеттің озық әрі өскелең қырларымен сұхбатта (диалогта) болуы керек оның ешқандай зияны жоқ. Дегенмен осы сұхбатты сылтауратып, бүгінгі «ашық қоғамымыздың» «құбыласы» болып отырған Батысқа бас шұлғи беруге болмас. Тарихымызды аяқ асты етіп, Батысқа қарап «тұлыпқа мөңіреген бұзаудың» күйіне түссек, олар ертең «өзіңді өзің қадірлей алмадың, енді құл болғаның болған» десе, мұны тарих-атамыз, мәдениет-анамыз келер ұрпақ кешпес. Бұл жерде «мен» тарих-атамен тұтастықта, үндестікте болғанда ғана мәдениет-анамыз құлпырып, жандана алады. Басқаша айтқанда тарихсыз мәдениет, мәдениетсіз «ұлттық болмыс» ешқашан түлеп, көгере алмайды. Бүгін «әлем кішірейіп бір ауылға, мәдениеттер де тек мәдениетке айналды» деген «жайдақ ойшылдар» көбейген кезең [7]. Олай болса «мені» Мен қылып, басқалардан ерекшелеп, әлемдегі орнымды анықтап тұрған мәдениет пен тарихи сана жойылғаны емес пе? «Мен» де өлді дей беріңіз. Батыстың бір ойшылы осы мәселе бойынша былай дейді: «…егер бір ұлттың зиялылары тарихи санадан мақрұм қалса, олардан өз мәдениетінің қадіріне жетеді деп қалай үміттенесің? Тәңір басқа салмасын, ондай қоғам мәдени жағынан өз-өзін дарға асты дей беріңіз» дейді. Батыстың зиялысы осылай ой түйеді. Тағы бір Батыстың әйгілі Кандерра деген ойшылы «Еуропа күретамыры жағынан либералдық-демократия мен латын христиан мәдениетінен сусындап отырғанын» [8] айтса, біздің қазақтың маңдайындағы бетке ұстар тарихшылары ұлтымыздың негізгі күретамырын мәдениет арнасынан емес, этногенез қаңқасынан іздеумен әлек. Тарихқа мұндай көзқарас, кешегі «измнен» қалған «историцизм» деген мезі қыңырлық әлі жалбағай тонын жалпылдатып қалар емес. Қайран Абайдың өткен ғасырдағы «…сөз түзелді тыңдаушы сен де түзел!» деп, салған жанайқайы әлі Шыңғыстауда жаңғырып, бізге әлі жетпей жүр ме қалай?

Төл мәдениетіміздің айнымастан үздіксіз дамуын қамтамасыз ету керек десеңіз «күл астындағы қордай» сақталуы тиіс мәдени заңдылықтар мен қағидаларды анықтап алғанда ғана ұлттық мәдени дамуымыз соған орайлас бағытталып, реттеліп отырары сөзсіз. Осы орайда, Туркияның өткен ғасырдағы атақты ұлтшыл жазушысы Пейами Сафа «өткенін ұмытатындай жады жоқ, келешегін қиялдайтындай жаны жоқ, армансыз, үмітсіз ұлт үшін тарих керуенінде орын жоқ», дейді [9]. Сірә, мәдениет ұлттық болмысты анықтайтын «Мен» субстанцияға өз бояуы нәрімен сипат беріп отыратын ең негізгі ұйытқы күш. Ол «меннің» өмір сүруінің ең басты шарты.

Терең ойлау ана тілдің дамуына ықпал ететіндігі сияқты, ана тілді қолдану да терең ой мен тұнық пікірлерді жаратудың алтын бесігі. Яғни Гумбольдтың айтқанындай, ғылым мен философияда алға басу жаратушы күшке ие болу тек ана тілімен табысып, үндесе білуге байланысты, Ана тілдегі «жаратылған әлемді» басқа әлемге жеткізу тәржімалау үшін «басқа тілді» қолданамыз. Сондықтан әсіресе философиядағы ұғымдарды ана тілімізден тулетуге мән беру еркін ойлау көзінің ашылуына,, тарихи санадағы ой желілерінің жаңғыруына, негізгі дүниетанымдық күретамырлармен байланысты нығаюына ықпал етеді. Ана тілі білім беру және ғылым тілі болғанда ғана дамып, жанданады. Осы салаларда ана тілі қолданылмайтын қоғамда дені дұрыс ой иелерінің шығуы да екіталай. Сондықтан жаңа, еркін елдің қоғамдық санасындағы серпілістің жүзеге асуы үшін оған тек сол ұлттың философиясы ой жүйесі ықпал етіп, ертеңіне есік аша алады.

Философия деген ақиқатты іздеу жолының жүздеген жылдық тарихы мен оның өткен асуларындағы пікірлер мен ойлау төңірегіндегі пікірталас, түсіну, ұғыну, ұсыну қалыбына (формасы) кұрметім өте терең. Бірақ адамның «менін» өзінің ішінде тыныстап сусындап отырған мәдениет тұрғысынан қарағанымызда «…осы біз неге…» деп басталатын іштен шыққан өксіктің тек қана психологиялық себептен екендігіне күдігім күн өткен сайын артып, жамалып барады. Ұлттық дүниетанымның мәнін «басқа тіл» арқылы дөңгелету былай тұрсын, бүгінгі Батыстық философиялық ой қалыптарымен айқыштай салуға бейімбіз. Төл дүниетанымыз бен философиямыздың ақиқатына жету үшін сөзсіз Батыстың «босағасынан аттату» керек деген құлдық ойлау басым. Неге десеніз, кез келген «философия» мәселелерін қарастыруда, Батыс көзқарасы тұрғысынан тырысып бағып тыраштанамыз ай келіп… Егер, философия жалпы адамзаттың ортақ қазынасы болса, оған неліктен өз мәдениетіміз тұрғысынан үлес қоспаймыз? Басқаша айтқанда, «мен» деген категорияның мәні сол менді дүниеге әкелген, тұла бойы сүтімен, нәрімен әлдилеген мәдениет арқылы ашылатын болса, онда адамзаттың ортақ еншісіндегі философияға неліктен «өзіндік мен» арқылы үлес қоса алмаймыз?

Иә, «философияны» біз қалыптастырған жоқпыз. Дайын түрінде алдық. Алғанда да мирас-аманат ретінде алған сияқтымыз. Әу бастан ақ аманатқа қиянат жүрмейтіні белгілі емес пе?! Сондықтан философияны тек батыстық құндылықтарды таңбалаған ұғымдар арқылы оқып,оқытуға міндеттісің. Бірақ көп емес сәл ғана ойланып көрсең осындай «аманат қалыбының» тарихи дамуы онша алыста емес екен. Әрі кетсе бір-бір жарым ғасыр шамасы. Сонымен философияны оқып жүрміз. Зорлық, қысым жасаған ешкім жоқ, өз еркімізбен, қалауымызбен оқып жүрміз. Бірақ «философ» болуым үшін Батыстың ойлау жүйесі мен көзқарасы шеңберінен аспай оларға «жағынып», «сыны мен санағынан» өткенде ғана «нағыз философ» деген атқа лайық болады екенмін.

«Атың шықпаса жер өрте» деген қазақтың ұрпағымыз ғой. Өз жерің ой-орманыңды, мәдени құндылықтарыңды «өртеп», оны қайта «сөндіру» үшін Батыстық өлшемдермен су бүркіп, жалбағай тоныңды жалпылдатып, төл «мәденитіңе, ұлтыңа қызмет етіп жүрмін деп жар салсаң», шаруа бітіп жатыр екен-ау.

Бірақ бүгін өз болмысыңның орнын іздеп, ойланатын болсаң, Батысқа, «ой-орманға» жағынып, қабағын аңдып, «бірдеңе» дәметіп, телміретін қоғамның емес, егеменді еңселі Қазақ деген қоғамның өкілі ретінде «өз сөзім өзімдікі, қалаған алсын» деген Абайдың сарынына салып, «мәдениетіміздің кең жазирасына» оралу шарт. Өйткені, қазақтың «балалық шағы» өтті. Енді саналы, жауапкершілікті талап ететін егемендіктің, елдіктің талаптары мен жүгіне сай «болмыстық мәнді» өзгерту қажеттігін өзіңнің белгілі бір ұлттың, мәдениеттің өкілі ретінде қоғамдағы, әлемдегі орныңды жауапқа тартқанда ғана сезінесің. Бұл — өзімізді-өзіміз ретінде танып, танытудың арналы жолы мен өзекті де өнегелі мәдениетіміздің пензенттерінен сарғая күткен ертеңіне деген үмітінің ақталуы мен өз болмысының сақталуының ең басты шарты. Бұл психологиялық қайғырудың көзі қандай да бір қоғамның, мәдениеттің дәстүрлі дүниетанымындағы ұстындарының өзіндік ерекшелігі бар екендігі және оны тез арада анықтаудың жолын қарастыру керектігі. Осы ерекшеліктер мен ұстындарды сақтай отырып, философияға арқа сүйегенде ғана өзіндік ұлттық философия жасағанымыз. Дей тұрғанмен, «бүгінгі философиялық түсінігімізбен» мұны жүзеге асыру оңай шаруа емес сияқты. Неге десеңіз, қоғамымыз формасы жағынан «еркіндік алғанымен» (Еркіндік табиғаты бойынша «біреуден» алынбайды, еркіндіктің де құлдықтың да негізгі себебі мен кайнар көзі рух, сана) оның мазмұндық жағы ақыл-ой, сана, ойлау жүйеміз бен қалпымыз өзгерді деу әзірге қиындау. Дегенмен еліміздің егемендігінің асуларындағы белестерге көз жіберсеңіз, «қоғамдық мазмұнның» сілкініп келе жатқанын байқауға болады. Осы белестегі қазақша философиялық толғаулардың көбеюі де көңілге медет дей тұрғанмен, әлі де болса, еркін ойлауға, тәуелсіз кәдімгі «қазақша» ойлауға мұқтажбыз. Еркін ойлауды философияның өткені мен бүгінгі бүкіл мұрасын жоққа шығару немесе оған карсылық ретінде ұғынбауымыз керек. Өйткені, бұл жағдайда еркіндік керісінше құлдыққа айналуы мүмкін. Еркіндік өз әлемімімді тарихи жасампаздықпен үндестікте ұғынып, түйсініп қорыту арқылы қамтамасыз етіледі.

Адам адамнан үйренеді, адамның күні адаммен. Адамнан адамның артық кемі жоқ. Бір-бірінен ала отырып, бере де біледі. Олардың әлемі тіршілік ортасы бір. Бұл ортақ дүние әртүрлі мәдениеттердің арасындағы қарым-қатынастарға жол ашады. Философ тіршілігінің негізін де осы ортақ дүниеден алады. Ортақ дүниеде әртүрлі «әлемдер» мәдениеттер, жеке адамдарды ортақ етіп немесе ажыратып тұратын ерекшеліктердің ақиқатына жеткенде ғана өз болмысыңды, ұлттық «меніңді» танисың. Сондықтан біз үшін қай мәдениет мұхитына жататынымыз, қай қоғаммен туыс-еншілес екеніміз, қай тілде, қандай ділде ойлап, толғанатымызды, сөйлейтінімізді жалпы, мәдениет-анамыздың болашағын аңықтау мен мәніне жету мақсаты оны тарих-атамыздың үш кезеңімен (өткені, бүгіні мен ертеңін) тұтастықта, үндестіре алғанда ғана айқындала түседі. Бұған қоса, қазіргі «глобализм, нарықтық экономика мен ашық қоғам» айдарлы үш аяқты «дөңгеленген дүниеге» өзіндік философияңызды, ұлттық экономикаңызды, төл мәдениетіңізге негізделген ғылыми, мәдени, дүниетанымдық, демократиялық айқың мақсатты әрі нық тұғырлы даму стратегияңызды сайлап алмастан «араласып» кетсеңіз (араласып та жатырмыз) «будандасқан мәдениет» былай тұрсын, тарих керуенінде «өз болмысыңның жұрнағын» күндіз шаммен іздесең де таба алмай қалуын ықтимал… [10] Бүгінгі «американ глобализмі» кешегі колониализмнің шөбересі, империализмнің немересі, «коммунистік орыс глобализмінің» руласы… Міне, кешегі «коммунизм глобализмінен» аман-сау қалғанына тәуба деп, енді ғана егемендігінің тізгінін қолына алып, көшін түзеп жатқан біз үшін осындай «ықтималдарды» бүгіннен көре алмасақ, ертең жылағанмен кеш қаламыз. «Көздің жасын көлдетудің, бүгінді ертеңмен байланыстыра алмай текке отырудың балалық екендігін» кешегі қазақтың маңдайындағы асылдары мен шәйттері ұрпақтарына аманат етіп айтып кетпеп пе еді?

Бүгін кейбір әріптестерден қай қоғам үшін ғылым жасап жатырсың деп сұрасаң, «қоғамыңды білмеймін, ғылым, ғылым үшін жасалуы керек», деп тез жауабын бере салады. Әрине жауабы мен түсінігі жоқтардан қорқу керек, сондықтан бұларға құрметіміз терең. Қазақ мәдениетінің «асқан интернационалдық, космополиттік әрі гуманистік салт-санадағы» бүгінгі кейбір өкілдері ғылымды, ғылымды құтқару үшін жасаса, философияны да бүкіл адамзатты құтқару үшін жасайды екен.

Меніңше, әлемдік деңгейдегі ғылымға, философияға үлес қосу үшін «өзіндік қырың мен менің» маңызды. Сол «менді» сипаттайтын, анықтайтын өлшем мәдениет емес пе екен? Осы бағытта ұлттық философия төңірегінде тәй-тәй басқан жас зерттеушілеріміздің ізденістері ой салып, үйретіп, үмітіңді ұштай түседі. Философияны ғылымға айналдырып жіберуден гөрі, онда «ақиқат жолында тәй-тәй басу» кемістік емес, әрине. Осындайда, «…ең пайдалы ғылым қоғамның игілігі үшін жасалған ғылым» деген пайғамбарымыздың сөзі еске орала береді.

Өз мәдениетінің үш уақыт ішіндегі күретамырларын, ой-пікір қазыналарынан тұратын дәстүрлі арналарының ізін, тұла бойын тұтастай көктеп өтетін жүйелі қалыбын тауып, қайта жаңғырта білетін оны бүгінгі белесінен, үміті мен асқарынан болашағына жетелейтін жол көрсете білетін адам ғана «нағыз философ» болуы керек. Бұл атақты «батыстық немесе басқа» экзаменаторлар емес, сол мәдениеттің жаңғыруы, еркіндіктің баяндалығы мен ұлттық құндылықтардың жандылығы ғана бере алар. Дегенмен бүгінгі нағыз философтарға да ертеңгі тарихымыз ғана әділ бағасын бере алады.

Пенделік пікіріміз бойынша, философ мәдениетінің тілі арқылы өзін танытып, аян-баян ете алады. Ол тілі арқылы сол мәдениетті, уақытты ашып көрсетеді. Оның тілінің мазмұны мен мәні мәдени ұстындардан, қоғамдық ахуалдан, адам мен дәстүрден бастау алып болашаққа бағытталған, сананы серпілтер ой қоңыраулармен толтырылса, сонда ғана ондай философияны ұлттық философия деп қарауға болады. Өйткені, осындай философия ғана өзімізді «басқаның көзімен» емес, басқаны, қоршаған ортамызды «өзіміздің көзімізбен» тануға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бұған қоса, сырт көзге қалай көрінетінімізді, сырт көздің бізді қалай көретінін де білуіміз керектігін есте сақтаған жөн.

Философия мәдениетке негізделіп, ұлттық болмысты сомдағанда ғана ұлттық философия бола алады дегенге кейбіреулер миығынан күлуі мүмкін. Меніңше, «басқаның» айтқанын тоты құстай жаттап, сайрағаннан гөрі Абайша «өз сөзім өзімдікі» деген әлдеқайда артық. «Абайдан басқа кіміміз бар» деп өскен ұрпаққа, мәдениет әлеміндегі төл құндылықтарын ашып көрсету үшін қайта айналып Абайға соға беруіміздің белгілі себептері де бар. Ол да Мұхтардың дәстүрлі түркілік дүниетанымымыздан сүзіп алған «гармониялық, циклдық ойлау жүйесі» — «коммунистік глобализмнен» ұлттық болмысты қорғау мақсатында жаңғыртып кеткен жолы, әдісі болатын. Мәдениет тұрғысынан қарағанда «Тарихи Абай» мен «Мұхтардың Абайы» маңызды тақырып, сондықтан оны тағы бірде өз алдына қарастыра жатармыз.

Тағы да Абайша айтатын болсақ, «осы біздің қазақтың» «туған жер ыстық», «анамның аяулы алақаны ыстық» деген сияқты «ыстықтарды» жаны сүйеді. Бірақ неге екенін қайдам, сол қоғамның, мәдениеттің, дәстүрдің, тілдің философиясымен сол «ыстықтарды» сомдауға келгенде ұсқынымыз құрып, Абайдың «нұрлы ақылымен» емес, «үсіген», сәл жұмсартыңқырап айтар болсақ, «суық ақылмен» былдырлатып ала жөнелетініміз бар. Маған бұл күйіміз, мәдениетімізге жасаған қиянат сияқты көрінеді. Анадан ыстық кім бар? Еш ойланбастан мәдениет-анамызға «сырттағылардың» басқан таңбасын сол қалпында «шарттанған сұрқымызбен» баса саламыз. Оған «жүрегіміз» де селт етпейді. Әй, бәтшағар философия «жүрекпен» емес, «ақылмен» жасалады деушілер табылар, әрине. Тарихи санамызда «жүрекпен тербеліп» сомдалмаған, қанағаттанбаған философия жасаудың мәдениетімізге де болмысымызға да өте қауіптіекенін өткен «жетпіс жылдық» тарих сынынан көрген жоқпыз ба? Ендігі жерде Фарабидің «белсенді санасы (фаал ақыл)» Баласағұнның, Йүгнекидің, Иасауидің «көңіл көзі (басират)», Абайдың «нұрлы ақылы (таза жүрек)», Шәкәрімнің «жүрек көзі» арқылы жетімсіреген өз әлемімізді «ысытып» көрейік те. Осы «ыстық философия» ғана төл философиямызды жаңғыртып, әлемдік философия арнасына, жалпыадамзаттық ойлау қорына өзіндік үлес қоса алады. Сонда ғана «сені танып» құрметтей алады.

Бүгінгі таңда қағанағы қарқ болып отырған, төрт құбыласы түгел философиялық ойлау жүйесі жоқ, бар болса да қалыптасу үстінде. Әр мәдениет басқалардан өзінің «жоғың» іздеуде. Сен өзінде барды көрсете алмасаң немесе тырыспасаң, «басқаға» жағынамын, «нағыз философ» боламын деп «жайдақтатуыңды» шектемесең ешкімге керегің жоқ. Ол сенен өз жоғын күтеді әрі үміттеніп те отыр. Өйткені олар бүгінгі таңдағы ерік, жігер, еркіндік, мораль, адамгершілік сияқты жұтаңсып отырған жалпыадамзаттық құндылықтарды құнарландыратын сырлы да жанды ой ұшқындарын, сенің дәстүрлі түркілік дүнитанымыңдағы ерекшеліктер мен ұстындарыңнан күтеді. Міне біз осы құндылықтарымызға ұласып, үндесіп, сол әлемнің бел ортасында жанды адам ретінде үйлесе алатын болсақ ыстық философиялық ойлау негізіне оралғанымыз. Қорыта келе, тіл және ойлаудың тазалығын қамтамасыз ету төл мәдениетімізді экологиялық кірленуден арылуы мен түлеуіне ықпал ететін қам-қарекет сонымен қатар діліңді алып шығатын желкен. Қоршаған ортаны, әлемді, өзімізді, тарихымызды басқаның тілімен, көзімен, ой-қалыбы терезесімен емес, «қазақы қазанымызбен» қайнатып көруге, тануға тырысқанда ғана төл тарихы бар мәдениеті бар, егеменді елі бар «мен» деп ауыз толтырып айта алатынымызды әлемдік тәжірибе айғақтайды.

Егер біз бүгін мәдениетіміз үшін жауапкершілік сезініп, қайғыра білсек, ол да ертеңіміздің ұрпағын ойлағанымыздан деген ойымды жинақтай келе «қайтсек өз мәдениетімізді» толыққанды тасушы бола аламыз немесе «менің бүгінге тасып, әлемдегі орнымды көрсетіп отырған мәдениет-анамызды қалай сақтай аламыз» деген қауіптен туған ойымыздың ойы-қырын ағайын өзі тарта жатар демекпін.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.     Kösoğlu N. Küreselleşme ve Milli Hayat. İstanbul 2002. Ötüken Yay. s.121.

2.     Wa Urestein İ. Kültür, Küreselleşme ve Dünya Sistemi. Ankara 1998, s.124.

3.     Hannerz U. Kültür, Küreselleşme ve Dünya Sistemi. Ankara 1998, s.140.

4.     Kösoğlu N. a.a.e., s.123.

5.     Korkut Tuna, Batı Yayılmacılığı, Küreselleşme ve Son Lokmalar: Milli Ahlak Meselesi Milli Kültürler ve Küreselleşme. Konya, 1998. s.142-143.

6.     Necmettin Tozlu. Batı’da ve Doğu’da insan Anlayışı, Felsefe Dünyası, sayı 27. s.8-37. Ankara, 1998.

7.     Yıldırım M. ‘Toplumsal Ben’in oluşmasında ‘Öteki’ ve Kültürün’ Yeri. s.54-58

8.     Timuçin A. Yabancılaşma Sorumuna Genel bir Bakış. s.16-23. Felsefe Dünyası. Sayı 5, Ankara 1992.

Досай Кенжетай

http://mazhab.kz/kk/maqalalar/galymdar-minberi/dosai-kenjetai/jahandanu-jane-ulttyq-madeniet-2625/

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close