Жаңалықтар

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 1 млрд теңгеге сервер сатып алмақ

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) арнайы мақсаттағы сервер сатып алуға 1 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Ашық құжаттарда серверлердің нақты саны көрсетілмеген. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Рrotenge.kz Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мемлекеттік сатып алулар арқылы ҰҚК-нің нені сатып алғысы келетінін көруге болғанымен, оның бағасы мен техникалық сипаттамалары жария етілмейді. Көбіне техникалық тапсырманың орнына «қызметтік ақпаратты жария етпеу туралы міндеттеме» ғана ашық қолжетімділікте болады. Ал биыл қаңтар айынан бастап шығындардың кем дегенде ауқымы көріне бастаған: серверлерге – 1 млрд теңге, арнайы формаға – 212 млн теңге, техникалық қолдауға – шамамен 100 млн теңге қарастырылған.

Сарапшылардың пікірінше, 1 млрд теңгеге бағаланған серверлер ҰҚК-ге қарапайым кеңселік бағдарламалар үшін қажет емес. Мұндай шығындар үлкен көлемдегі деректерді сақтау немесе жасанды интеллект жүйелерін енгізу қажеттілігімен түсіндірілетін болуы мүмкін.

Мәселенің тағы бір қыры – ҰҚК қызметі қоғамдық бақылаудан тыс. Комитет ашық есептермен Мәжіліс алдында есеп бермейді, ал қазақстандықтарға ведомствоның аудит қорытындылары  ұсынылмайды.

Айта кетейік, 2026 жылға арналған ҰҚК бюджеті 672,7 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға артық. Мұндай өсім республикалық бюджеттің жалпы оңтайландырылуы аясында, тіпті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қосылғанын ескергеннің өзінде, айтарлықтай көрсеткіш болып отыр.

Back to top button