Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Су тасу қаупі жоқ»: Шымкентте Бадам өзенінің бөгетіне зақым келген

Шымкент қаласының әкімдігі Бадам өзені жағалауындағы жағдай тұрақты және бақылауда екенін мәлім етті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Көктем мезгілінде су деңгейі көтерілетіні ескеріле отырып, өткен жылы тасқын қаупін азайту мақсатында өзен жағалауы нығайтылған болатын.

Жалпы ұзындығы 5,3 шақырым жағалау бекітіліп, жұмыс желтоқсан айында толық аяқталды.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мамандарының мәліметінше, Игілік, Жаңаталап және Көкбұлақ елдімекендері тұсындағы өзен арнасы реттеліп, жағалауы бетондалған. Бұл шаралар елдімекендерді су басу қаупінен қорғауға бағытталған.

«Сонымен қатар, белгісіз тұлғалардың өзен арнасынан заңсыз тас қазып алуы салдарынан гидротехникалық құрылыс нысанына зиян келіп, бетон бөгеттің шамамен 40 метрі бүлінген. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары кінәлі тұлғаларды анықтауда.

Мамандардың хабарлауынша, бүлінген аумақ мердігер мекеменің есебінен қалпына келтіріледі», — делінген мәлімдемеде.

Айта кету қажет, жобаның кепілдік мерзімі 7 жылды құрайды.

Жалпы жағдай тұрақты, өзен арнасы тұрақты бақылауда, тиісті қызметтер тәулік бойы мониторинг жүргізуде.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button