Әлеумет және қоғам

Алматыда блогерлер 9 жылға сотталды: алқабилер «бопсалау» айыбы бойынша үкім шығарды

Алматыда блогерлер Дамир Күшеев және Руслан Каримов «бопсалау» бойынша 9 жылға сотталды. Олар айыпты жоққа шығарып, істі тапсырыспен ұйымдастырылған деп атады.

Фото: Stan.kz / Дамир Күшеев және Руслан Каримов

Алматы қаласында алқабилердің қатысуымен өткен сот отырысында блогерлер Дамир Күшеев пен Руслан Каримов «бопсалау» айыбы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім 19 ақпан күні кешкі уақытта жарияланды. Бұл туралы qandastar.kz сайты stan.kz порталына сілтеме жасап хабарлады.

«Ұят сіздерге. Бар үміт сіздерде еді, жазықсыз адамдарды ақтайды деп сендік. Тергеу дәлелдей алмады, бірақ ақыры бізді соттады. Біз қылмыс жасаған жоқпыз, бірақ бізге жаза тағайындалды», – деді Дамир Күшеев соңғы сөзін айтып.

Сот шешімі шыққаннан кейін Дамир Күшеев алқабилерге қарата сөз сөйледі. Оның жақтастары аталған қылмыстық істің бірқатар күмәнді тұстары бар екенін айтып, құқықбұзушылықтар мен жемқорлық мәселелерін көтеріп жүрген қоғамдық белсендіге қысым жасалуы мүмкін деген пікір білдіруде.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 23 қаңтарда полиция екі блогердің 28 миллион теңге бопсалады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. Кейін іс барысында судья ауысып, айыптау көлемі өзгертілді. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар кәсіпкерден 62 миллион теңгеден астам қаражат пен мүліктік құқық талап еткен. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің бопсалау бабымен қаралды. Ал айыпталушылар өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарып, істі тапсырыспен ұйымдастырылған қудалау деп бағалаған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button