Жамбыл облысының Т. Рысқұлов ауданында қатты желден кейін жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Табиғи құбылыстың салдарынан Меркі ауданындағы бірқатар нысандарға да зақым келген. Бұл туралы облыстық әкімдікке сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлайды.
Аймақта екпіні 30 м/с-қа дейін жеткен дауыл соғып, бірнеше ғимараттың шатыры ұшып, кей елдімекендерде электр жарығы мен газ уақытша ажыратылған. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Т. Рысқұлов ауданына барып, жағдайды өз бақылауына алды.
Қазіргі мәлімет бойынша, 7 елдімекенде 29 нысанның шатыры зақымданған. Оның ішінде 10-ы әлеуметтік нысан. Сондай-ақ 19 елдімекенде жарық өшіп, 7 ауылда газ беру уақытша тоқтатылған. Қалпына келтіру жұмыстарына 10 бригада жұмылдырылып, жөндеу шаралары аяқталуға жақын.
Меркі ауданында да 5 ауылдық округтегі 27 тұрғын үйдің шатыры ішінара бүлініп, 5 білім беру мекемесінің ғимараты мен сыртқы қасбетіне зақым келген. Бұдан бөлек, 8 елдімекенде электр желісі ажыратылып, 3 ауылда газ жүйесіне нұқсан келген.
Әкімдік мәліметінше, екі ауданда да зардап шеккен азаматтар тіркелмеген. Қоғамдық жағдай тұрақты, ал коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір дауылдан келген шығын көлемі есептелуде.
Нұржан Календеров аудан әкімдеріне электр мен газды толық қалпына келтіру, қосымша күш тарту, бүлінген аумақтарды тазалау, білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.



