Әлеумет және қоғам

Тоқаев Алғыс айту күнімен құттықтап, жастар мен еріктілерге алғыс білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел бірлігі мен асыл құндылықтарды дәріптейтін ерекше күн екенін атап өтті. Президент жастар мен еріктілердің қоғам игілігі жолындағы еңбегіне жоғары баға беріп, еліміздің тарихи бетбұрыс кезеңінде тұрғанын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтағаны туралы Zakon.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.

Президент бұл мерекенің халқымыздың ең асыл құндылықтарын ұлықтайтын ерекше күн екенін атап өтті.

«Өзара құрмет көрсету, өзгеге жанашырлықпен қарап, шынайы тілеулес болу – ұлтымыздың бойына сіңген қасиеттер. Алғыс айту дәстүрі төл руханиятымыздың темірқазығы ретінде ел ішіндегі сенім мен бірлікті нығайтуға зор ықпал етіп келеді. Жақындарымызға алғыс айту – оларға рухани қолдау көрсету, қиын кезде қол ұшын созу деген сөз. Қазіргі құбылмалы заманда бұл қасиеттің мән-маңызы ерекше. Біз осы мейрамда ең алдымен қиын-қыстау жылдары елімізді аман сақтап, ұрпаққа аса құнды әрі мол мұра қалдырған ата-бабаларымызға тағзым етеміз. Ұстаздарға, дәрігерлерге, мәдениет саласы қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, жұмысшыларға, тәртіп сақшыларына, өрт сөндірушілерге, құтқарушыларға және адал еңбегімен сүйікті Отанымыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген барша азаматқа алғыс айтамыз».

Қасым-Жомарт Тоқаев

Сондай-ақ ол жастар мен еріктілерге айрықша алғыс білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, белсенді азаматтық ұстанымы бар, қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүрген азаматтардың еңбегі зор құрметке лайық. Бұл – жасампаз әрі жауапты отаншылдықтың нақты көрінісі.

«Баршаңызға амандық, табыс тілеймін! Татулық пен өзара сенімді нығайта отырып, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасын көркейту жолында биік мақсаттарымызға бірге жетеміз деп сенемін. Алғыс айту күні ел тағдыры әрбір азаматтың қолында екенін аңғартады. Себебі алдағы өзгерістердің табысты жүзеге асырылуы жұртымыздың бірлігіне, парасаттылығына және саналы азаматтық ұстанымына байланысты екені сөзсіз. Біз Заң мен Тәртіп, тілектестік пен ынтымақ қағидаларын басшылыққа алып, салт-дәстүрімізді сақтай білсек, Қуатты, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды құра аламыз», — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздің ауқымды әрі тарихи бетбұрыс кезеңіне қадам басқанын да атап өтті.

«Республикалық референдумға шығарылған жаңа халықтық Конституцияның жобасы адам құқықтарын қорғау жүйесін жақсартуға, билік институттарының жауапкершілігін күшейтіп, тиімділігін арттыруға, қастерлі Тәуелсіздігіміз бен Егемендігімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Жаңа Ата Заң бәріміз бір ел болып іргесін қалап жатқан жарқын болашаққа жол ашады».

Қасым-Жомарт Тоқаев

Back to top button