Әлеумет және қоғам

Алматы таулы аймақтарында қар көшкіні тіркелді

Алматының таулы аймақтарында биік және орта таулардан өздігінен қар көшкіндері түсті. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тауға баруды кейінге қалдыруды ұсынады. Екі өзен бассейнінде жолдарға бақылау бекеттері қойылып, көліктердің қозғалысына шектеу енгізілді.

Алматының таулы аймақтарында қар көшкіндерінің өздігінен түсуі тіркелді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Кіші Алматы және Үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде биік таулардан (теңіз деңгейінен 3000 метрден жоғары) және орта таулардан (2000–3000 метр) қар көшкіні анықталған.

«Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Дегенмен, қала тұрғындары мен қонақтарына тауға баруды кейінге қалдыруды ұсынамыз. Екі өзен бассейнінде Тұйықсу мұздығына апаратын жолдағы экопостта бақылау-өткізу бекеттері қойылып, көліктердің қозғалысына шектеу енгізілді», – делінген хабарламада.

Қазгидрометтің мәліметінше, 8 наурызда түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Медеу мен Бостандық аудандарының таулы аймақтарында оңтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.

Back to top button