Бүгін, 2026 жылғы 13 наурызда Қазақстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі республикалық референдум қарсаңында азаматтарға бейнеүндеу жариялады, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп.
ІІМ ресми өкілі, департамент бастығы Шыңғыс Алекешев қазақстандықтарға 15 наурызда жаңа Конституция бойынша республикалық референдум өтетінін еске салды. Оның айтуынша, мұндай маңызды кезеңде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпарат пен арандатушылық сипаттағы хабарламалар жиі таралуы мүмкін.
Ол қазіргі уақытта цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты шынайыға ұқсас, бірақ адамдарды жаңылыстыратын жалған материалдарды жасау оңайлағанын атап өтті. Мұндай ақпараттың мақсаты – қоғамды адастыру және тұрақсыздық туғызу.
ІІМ өкілі көрінеу жалған ақпарат тарату заң бұзушылық екенін еске салып, мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын айтты. Сондай-ақ азаматтарды тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырды.
Министрлік референдум кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті толық қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Жалған ақпарат тарату немесе арандатушылық әрекеттер анықталған жағдайда, олар заң аясында қатаң қаралатыны ескертілді.
Айта кетейік, бұған дейін Дезинформациямен күрес орталығы да референдум алдында алаяқтардың белсенділігі артуы мүмкін екенін ескерткен болатын. Ал Қазақстандағы жаңа Конституция бойынша республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді.



