Әлеумет және қоғам

Қазақстанда референдум алдындағы тыныштық күні басталды

2026 жылғы 14 наурыздан бастап референдум алдындағы үгіт жұмыстары аяқталып, "тыныштық күні" тәртібі күшіне енді. Осы кезеңде жаңа Конституция жобасын қолдайтын немесе қарсы материалдарды жариялауға, сондай-ақ әлеуметтік желілерде репост жасауға тыйым салынады. Бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, ал бұрын жарияланған ақпараттық материалдар өз орындарында сақталуы тиіс.

Сағат 00:00-де референдум алдындағы үгіт жұмыстары аяқталып, 14 наурыздан бастап ресми түрде «тыныштық күні» тәртібі күшіне енді. «Референдум туралы» Заңның 7-бабына сәйкес, осы уақыттан бастап және дауыс беру күні – 15 наурызда – кез келген үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндіктің хабарлауынша, референдумға бір күн қалғанда жаңа Конституция жобасын қолдайтын немесе оған қарсы материалдарды жариялауға болмайды. Дауыс беру күні де сауалнама нәтижелерін жариялау заңсыз болып саналады, бұл үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Тыныштық күні мен дауыс беру күнінде әлеуметтік желідегі репосттар да үгіт-насихат ретінде есептелуі мүмкін. Заңсыз әрекетке жол берген жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде әлеуметтік желі қолданушылары жауапқа тартылады.

Сондай-ақ, бұрын интернет-ресурстарда орналастырылған үгіт-насихат материалдары сайттың басты бетіне шығарылмай, бұрынғы орындарында сақталуы қажет. Референдум күні, оның өткізу талаптары, дауыс беру тәртібі туралы түсіндірме сипаттағы ақпараттық материалдар мен жарнамалық баннерлер де бұрынғы орнында қалуға тиіс.

АҚПАРАТ NUR.KZ САЙТЫНАН АЛЫНҒАН.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button