Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Геологиялық барлау қарқыны артады»: «Қазақмыс» жаңа жобаларды іске қосты

«Қазақмыс» корпорациясы геологиялық барлау жұмыстарын дамыту мақсатында өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту мен қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Компания мәліметінше, бірқатар өндірістік кеңестердің қорытындысы негізінде 2026 жылға арналған геологиялық барлау жұмыстарының жоспары қайта қаралған.

Бұл жұмыс Kazakhmys Barlau базасында басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Нұржановтың төрағалығымен өткен жиында нақтыланды. Жаңартылған жоспар бұрғылау бағдарламасының негізгі параметрлерін, бірінші тоқсан қорытындыларын және минералдық-шикізаттық қорды толықтыру міндеттерін қамтиды.

Қазіргі уақытта Жамбыл, Қарағанды және Абай облыстарындағы бірқатар учаскелерде барлау жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы бұрғылау көлемі шамамен 14,5 мың қума метрді құрайды. Алынған геологиялық деректер кен орындарының құрылымын нақтылап, болашақтағы жоспарлау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны кезеңінде жұмыстардың үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін алдын алу шаралары қабылданған.

Компания қызметкерлерге қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беруде. 2026 жылы Нұрқазған кен орнында және Жезқазған өңірінде геологтар мен маркшейдерлерге арналған заманауи әкімшілік-тұрмыстық кешендердің құрылысы басталды. Бұл мақсатқа 425 млн теңге бөлінген. Жобалар модульдік форматта іске асырылып, құрылыс мерзімін қысқартуға және нысандарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жаңа кешендерде кеңсе бөлмелері, санитарлық-тұрмыстық аймақтар, киім ауыстыру және тынығу орындары, сондай-ақ құрал-жабдықтарды сақтауға арналған қоймалар қарастырылған. Бұл өндірістік персонал үшін қауіпсіз әрі заманауи жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар компания геологиялық бөлімшелерді техникалық тұрғыдан жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында заманауи компьютерлік техника, арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету, кен орындарын 3D-модельдеу және халықаралық стандарттарға сәйкес қорларды бағалау жүйелері енгізілуде.

Қазақмыс корпорациясында кадрлық әлеуетті арттыру мен материалдық-техникалық базаны күшейту жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұл шаралар геологиялық барлау тиімділігін арттырып, қабылданатын өндірістік шешімдердің сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Компания өкілдерінің атап өтуінше, инфрақұрылымды дамыту мен еңбек жағдайларын жетілдіру геологиялық барлау саласының ұзақ мерзімді және тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі болып қала береді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button