Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Қазақмыс» 8 млрд теңгеге ғылыми жобаларды іске қосады

«Қазақмыс» корпорациясы технологиялық даму мен өнеркәсіптік қауіпсіздік бағыттарын күшейтуді жалғастыруда.

Ғылыми-техникалық кеңес отырысында компания 2026 жылға арналған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың портфелін бекітті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Ғылым, цифрландыру және инновацияға бағытталатын инвестиция көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрайды.

Отырыс барысында ғылыми блоктың орта мерзімді даму перспективалары талқыланып, алдағы үш жылға арналған басым бағыттар айқындалды. Нәтижесінде ҒЗТКЖ бастамалары жекелеген жобалар деңгейінен шығып, өндірістің тиімділігі, қауіпсіздігі және тұрақтылығын басқарудың жүйелі тетігіне айналатын бірыңғай ғылыми-технологиялық стратегия қалыптастыруға негіз болды.

«ҒЗТКЖ-ға инвестиция салу – біз үшін өндірістік тәуекелдерді басқарылатын параметрлерге айналдырудың тиімді құралы. Біз жасанды интеллектті ең алдымен кеншілер мен байытушылардың еңбегін қауіпсіз әрі болжамды ету үшін енгізудеміз», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Қабылданған шешімдер компанияның стратегиялық бағытын айқындайды: технологиялар арқылы өндірістік тәуекелдерді төмендету, адам факторын азайту және өндіруден бастап өңдеуге дейінгі барлық үдерістің тұрақтылығын арттыру.

Байыту фабрикаларын цифрлық трансформациялауға ерекше назар аударылды. Бекітілген бастамалар қатарында жасанды интеллект пен заманауи талдау жүйелеріне негізделген шешімдер бар. Машиналық көру технологиялары өндірістік көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде талдауға мүмкіндік беріп, металл алу тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ предиктивті басқару жүйелерін дамыту көзделуде. Бұл ауытқуларға жедел әрекет етуге және жабдықтардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, шикізат сипаттамаларын онлайн бақылау шешімдері мақұлданып, талдау уақытын қысқарту және технологиялық операциялардың дәлдігін арттыру жоспарланып отыр.

ҒТК отырысында өнеркәсіптік қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Компания газ мөлшері жоғары учаскелерді зерттеуді жалғастырып, газсыздандыру бойынша жаңа шешімдер әзірлеуде. Бұл жерасты жұмыстарындағы апаттардың алдын алу үшін маңызды.

Сонымен қатар шикізатты өңдеу тиімділігін арттыру және экологиялық жүктемені азайтуға бағытталған жобалар мақұлданды. Олардың қатарында концентратты қоюлату, сүзу кезінде ылғалды төмендету және техногендік шикізатты өндірістік циклге қайта енгізу бар. Бұл шаралар металл алу тиімділігін арттырып қана қоймай, қалдықтар мен шығарындылар көлемін қысқартуға ықпал етеді.

Талқылау қорытындысы бойынша жобалардың бір бөлігі өндірістік және цифрландыру блоктарымен бірлесіп қосымша пысықтауға жіберілді. Бұл компанияның шешім қабылдаудағы жүйелі әрі сараптамалық тәсілін көрсетеді.

Осылайша, бекітілген ҒЗТКЖ портфелі мен айқындалған стратегиялық бағыттар «Қазақмыстың» технологиялық жаңғыруына негіз қалайды. Компания ғылым, технология және қауіпсіздікті ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторлары ретінде кезең-кезеңімен дамытуды көздейді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button