Ақтөбе қаласында “Harmony Rider Technology” (HRT) қаржы пирамидасын ұйымдастырып, басқарған және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғандарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеме жасап.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мәліметіне қарағанда, 2024 жылы бір топ адам өзін шетелде электрсамокаттарды сатып алып, жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырып, қаржы пирамидасын құрған. Шын мәнінде, салымшыларға төленетін табыс жаңа қатысушылардан алынған қаражат есебінен қалыптасқан.
Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жасалып, офлайн кездесулер ұйымдастырылған. Заңдылық көрінісін қалыптастыру мақсатында Ақтөбе қаласында кеңсе жалға алынып, таныстырылымдар өткізілген.
Салым сомасы 350 доллардан 20 000 долларға дейін болып, тәулігіне 12-ден 690 долларға дейін табыс уәде етілген. Қаражатты заңдастыру үшін күдіктілер криптоәмияндар арқылы ақша айналымын жасап, кейін оны банктік шоттарға аударған.
Қаржы пирамидасына 115 салымшыдан 197 миллион теңгеден астам қаражат тартылған. Ұйымдастырушылар бұл ақшаға үш автокөлік сатып алған, олардың бірін туысының атына рәсімдеген.
Сот үкімі бойынша ұйымдастырушылар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, үш автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.



