
Ұлытау облысы 2025 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы орташа айлық жалақы деңгейі ең жоғары өңірлердің үштігіне енді.
Бұл көрсеткіш өңір экономикасының индустриялық бағыты мен өндірістік әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдейді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, Қазақстан бойынша орташа айлық атаулы жалақы 473 158 теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға артқан.
Ал Ұлытау өңірінде бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары.
Сарапшылардың айтуынша, өңірдегі жоғары жалақы деңгейі ең алдымен тау-кен өнеркәсібінің қарқынды дамуымен байланысты. Бұл салада орташа жалақы шамамен 978 962 теңгеге жетіп, республикалық деңгейден екі есеге жуық асып түседі.
Экономистер тұрақты жоғары табыс деңгейін ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен байланыстырады.
Осы тұрғыда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған негізгі компаниялардың бірі – «Қазақмыс» корпорациясы.
Корпорация өңірдегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі ретінде мыңдаған тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Сонымен қатар, кәсіпорын бәсекеге қабілетті жалақы ұсынып қана қоймай, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыруда. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандар салу және өңірдің өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай өндірістік және әлеуметтік жауапкершілік үйлесімі Ұлытау облысының жоғары жалақы деңгейін ұзақ мерзімде сақтауға мүмкіндік береді.