4 сәуір күні сағат 11:00 шамасында Ақтау қаласындағы медициналық мекемеден екі айлық сәбидің қайтыс болғаны туралы 102 қызметіне хабар түскен. Аталған дерек бойынша Маңғыстау облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеме жасап хабарлады.
Ведомство мәліметінше, алғашқы тексеру барысында нәрестенің денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылмаған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтау үшін кешенді тексеру жүргізілуде.
Тексеру кезінде бұл отбасының бұрыннан құқық қорғау органдарының назарында болғаны белгілі болды. Учаскелік полиция қызметкерлері оларды тұрақты бақылауда ұстаған.
Сәбидің әкесі соңғы бір жыл ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы (тыныштықты бұзу) бойынша төрт рет жауапкершілікке тартылған. Оған қорғау ұйғарымы шығарылған.
Алайда ол бұл талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша қайта жауапқа тартылып, сот шешімімен 10 тәулікке арнайы қабылдау мекемесіне қамалған. Сонымен қатар ер адам профилактикалық есепке алынып, оның мінез-құлқына қатысты шектеулер енгізілген.
Полиция мәліметінше, әкімшілік қадағалау орнату үшін материалдар сотқа екі рет жолданған. Сондай-ақ 27 наурызда учаскелік инспектор қосымша шаралар қабылдау жөнінде әкімдікке ұсыныс енгізген.
Қазіргі таңда тергеу жалғасуда, соңғы процессуалдық шешім тексеру нәтижесіне сәйкес қабылданады.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде бұл отбасы тұратын үйдің подъезінде орнатылған бейнебақылау камерасынан алынған видео тарады. Онда сенбі күні таңертең ер адамның сәбиді құшақтап баспалдақпен жүгіріп түсіп бара жатқаны, артынан әйел адамның ілесіп шыққаны көрінеді.


