Әлеумет және қоғам

Атырауда полицейге шабуыл: күдіктілерге қылмыстық іс қозғалды

Әлеуметтік желіде Атырау облысында бір топ жігіттің полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны туралы видео тарады. Оқиға салдарынан екі тәртіп сақшысы жарақат алды. Полиция департаменті күдіктілердің анықталғанын және оларға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Желіде Атырау облысында бір топ жігіттің қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар да әлеуметтік желілерде жарияланған, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты KAZ.NUR.KZ ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Instagram желісіндегі atyrauoil.official парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, алдын ала деректер бойынша, ескерту жасаған полицейді бірнеше адам соққыға жыққан.

Атырау облыстық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылғы 3 сәуір күні шамамен сағат 22:00-де Мақат ауданында полиция қызметкерлері қызмет барысында құқық бұзушылықтың алдын алған. Тексеру кезінде бір топ азамат қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшыларына күш қолданғаны анықталған.

Оқиға салдарынан екі полиция қызметкері жарақат алған. Қатысушылардың барлығы анықталып, оларға қатысты тиісті процессуалдық шешімдер қабылданды. Аталған дерек бойынша «билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш қолдану» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция өкілдері құқық қорғау қызметкерлеріне қарсы кез келген заңсыз әрекет жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button