
Алматыда қазақ поэзиясын жатқа оқудан өткен республикалық байқаудың жеңімпазы күтпеген сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«100 ӨЛЕҢ» жобасының бас жүлдесі — автокөлік Астана қаласындағы мектеп директоры Айгүл Бейсенбинаға бұйырды. Алайда жеңімпаздың әзірге жүргізуші куәлігі жоқ.
№107 мектептің директоры Айгүл Базарбайқызы байқауға дайындық кезінде оңай жолды таңдамаған. Ол небәрі 100 күннің ішінде ұйымдастырушылар ұсынған қазақ ақындарының 100 өлеңін жаттап, финалға жолдама алған.
Биыл ұлттық сөз өнерін дәріптейтін додаға Қазақстанның әр өңірінен 3 мыңнан астам адам қатысқан. Соңғы кезеңге 35 өнерпаз іріктеліп, Алматыда қазақ поэзиясының үздік туындыларын жатқа оқыды.
Байқауда жасқа да, мамандыққа да шектеу қойылмаған. Сондықтан финал сахнасында мектеп оқушылары мен студенттерден бөлек, мұғалімдер, физиктер, математиктер, географтар, металлургтер, ақындар мен айтыскерлер де өнер көрсетті.
Екінші орын 10 жастағы Сейтқазы Раяна Нұржанқызына берілді. Байқаудың ең жас қатысушысы көркемсөз оқу шеберлігімен көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.
Ал үшінші орынға Астана атынан қатысқан Тілеужан Ерғанатұлы мен Айдос Бектұрсын жайғасты.
Алтыншы рет ұйымдастырылған «100 ӨЛЕҢ» жобасы осылайша әртүрлі жастағы және мамандықтағы адамдарды бір мақсатқа — қазақ поэзиясын жаттап, насихаттауға біріктірді. Ал бас жүлдеге ие болған Айгүл Бейсенбина үшін ендігі міндет — көлік жүргізуді үйрену болуы мүмкін.



