Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Сәтбаевта 300-ден астам кенші мен байытушы марапатталды

Сәтбаевта Кеншілер мен байытушылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиында өндіріс саласында еңбек етіп жүрген 300-ден астам маман түрлі мемлекеттік, ведомстволық және корпоративтік марапаттарға ие болды.

Сәтбаев қаласында Кеншілер мен байытушылар күніне орай «Қазақмыс қазынасы» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында компанияның өндірістік алаңдарында еңбек ететін 300-ден астам қызметкер мемлекеттік, ведомстволық және корпоративтік марапаттарға ие болды. Бүл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Шараға Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, «Қазақмыс» компаниясының өкілдері, кәсіпорын басшылары, жұмыскерлер мен сала ардагерлері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Есет Байкен кеншілер мен байытушылардың өңір экономикасы мен елдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытудағы рөлін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мамандық иелері күрделі әрі жауапты жұмысты атқарып, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков те компания жетістіктерінің негізінде мыңдаған жұмысшының күнделікті еңбегі тұрғанын айтты. Ол өндірістегі қауіпсіздік, кәсібилік және жауапкершіліктің маңызын атап өтті.

Қазір «Қазақмыс» Тобында 34 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компания құрамында 14 кеніш, бес байыту фабрикасы және екі мыс балқыту зауыты бар. Сонымен қатар кәсіпорында 103 еңбек әулеті еңбек етіп жатыр.

Қазақмыс

Компания 2026 жылы еңбек қауіпсіздігіне 16 млрд теңге бағыттауды жоспарлаған. Қаражат өндірістік активтерді жаңартуға және қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға жұмсалады. Жезқазғанда жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы да жүргізіліп жатыр. Жоба технологиялық газдардың 99%-ына дейін ұстап қалуға мүмкіндік береді.

Қазақмыс

Марапаттау рәсімінде сала ардагерлері, өндіріс озаттары, шеберлер мен жас мамандарға «Еңбек ардагері» медалі, «Кенші даңқы» және «Еңбек даңқы» төсбелгілері, сондай-ақ құрмет грамоталары табысталды.

Қазақмыс

Мерекелік шара барысында «Ұлытау қайырымдылық қоры» атынан көпбалалы анаға үш бөлмелі пәтердің кілті берілді.

Кеш соңында қонақтар мен еңбек ұжымдарына арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button