Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Лайк» пен қаралым үшін тәуекелге барған: Шымкент тұрғыны жазаланды

Қаралым қуған жүргізуші тротуарға көлікпен шығып, әкімшілік қамаққа түсті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Әлеуметтік желіге ерекше видео жариялап, көпшіліктің назарын аудармақ болған Шымкент тұрғынының әрекеті өзіне қымбатқа түсті.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау кезінде жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушінің бейнежазбасына тап болған. Кадрларда оның көлікпен тротуарға шығып, жаяу жүргіншілерге арналған аумақта қозғалғаны көрінеді.

Ең қауіптісі — жүргізушінің әрекеті балалар арбасымен келе жатқан жаяу жүргіншіге де қауіп төндірген. Ал бұл жағдайдың барлығы әлеуметтік желіге жариялау және көп қаралым жинау үшін әдейі түсірілген.

Полиция жүргізген тексеру нәтижесінде көлік тізгіндеген адамның жеке басы анықталды. Ол — Шымкент қаласының 20 жастағы тұрғыны Абдулла Бибарыс.

Тексеру кезінде жас жігіттің көлік басқаруға қажетті құқығы болмағаны белгілі болды. Сот шешімімен ол әкімшілік қамаққа алынды. Көліктегі жолаушы да жауапкершіліктен тыс қалмай, әкімшілік жазаға тартылды.

Сонымен қатар, автокөліктің міндетті техникалық байқаудан өтпегені және міндетті сақтандыру полисінің жоқтығы анықталды. Осы заң бұзушылықтар бойынша жүргізушіге қосымша айыппұл салынды.

Көлік арнайы айыптұраққа қойылды.

Полицияның айтуынша, жолдағы қауіпті әрекеттерді әлеуметтік желіге контент жасау немесе қаралым жинау мақсатында әдейі қайталау — өзгелердің өміріне қауіп төндіретін жауапсыздық. Мұндай фактілерге заң аясында қатаң шара қолданылатыны ескертілді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button