
Дастан Сәтпаев Англияда тағы да назарға ілікті.
Қазақстан құрамасының жас шабуылшысы «Бернли» сапында «Мидлсброға» қарсы кездесуде командасының ең белсенді ойыншыларының біріне айналып, матчтың үздік футболшысы деп танылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Терф Мурдағы» тартысты ойын 1:1 есебімен аяқталды. Ал 18 жастағы қазақстандық футболшы алаңда 80 минут өткізіп, негізгі құрамдағы қатарынан үшінші матчын бастады.
Сәтпаев кездесуде бірнеше рет қарсылас қақпасына қауіп төндірді. Оның екі соққысы дәл қақпаға бағытталды. Бірінші таймда алыстан жасаған соққысын «Мидлсбро» қақпашысы үлкен қиындықпен қайтарды. Үзілістен кейін Дастан қақпашымен бетпе-бет шыққанымен, бұл жолы да гол соғу мүмкіндігін қарсылас қақпашысы тоқтатты.
Жас шабуылшының пас беру көрсеткіші де жоғары болды: 18 пастың 17-сі дәл жетіп, 94 пайыздық нәтиже көрсетті. Сонымен қатар ол төрт жеке жекпе-жектің үшеуінде жеңіске жетті.
Кездесуде алғашқы болып қонақтар есеп ашты. 23-минутта Эйден Моррис «Мидлсброны» алға шығарса, екінші таймның басында Юго Рагубердің пасынан кейін «Бернли» таразы басын теңестірді.
Сәтпаев 81-минутта алаңнан шыққанда, жанкүйерлер оны қошеметпен шығарып салды.
«Бернли» үшін маусым әзірге сәтті басталған жоқ. Команда төрт турдан кейін небәрі екі ұпай жинап, турнир кестесінің 23-сатысында келеді. Келесі кездесуін команда 5 қыркүйекте «Бристоль Ситиге» қарсы өткізеді.



