Жамбыл облысының Қордай ауданында қоқыс контейнерінен жаңа туған сәби табылды. Оқиға Гвардейск гарнизонының аумағында болған. Ақпаратты аудандық полиция бөлімінің өкілдері растады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, контейнерден табылған нәресте — қыз бала. Дәрігерлер оның жағдайын тексеріп, қазіргі таңда өміріне қауіп төніп тұрмағанын хабарлады.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сәбидің контейнерге қалай және кім тарапынан тасталғаны анықталуда.
Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының Сайрам ауданында жаңа туған сәбиіне қатысты қайғылы жағдай болған еді. Тергеу материалдарына сәйкес, әйел жүктілігін тоғыз ай бойы жақындарынан жасырған және дәрігерлердің бақылауында болмаған.
Босанғаннан кейін ол тірі туған баласын үйінің ауласындағы әжетхана шұңқырына тастап, үстін құм, тас және топырақпен жауып кеткен. Нәресте қайтыс болған.
Сот әйелді Қылмыстық кодекстің 100-бабының 2-бөлігі — «Жаңа туған баланы анасының өлтіруі» бойынша кінәлі деп таныды. Оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.



