Алматыдағы элиталы ауданда тұратын тұрғындар көршісінің әрекетінен қауіптеніп отыр. Олардың айтуынша, 50 жастағы ер адам көшеде пышақпен жүріп, адамдарға қоқан-лоқы көрсетеді, көліктерді бүлдіріп, балаларды қуған. Полиция оны ұстап, психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғанын анықтаған. Бұл туралы Qandastar.kz сайты КТК телеарнасына сілтеп хабарлады.
Тұрғындардың сөзінше, ер адам күндіз-түні көшеге шығып айғайлап, өзгенің мүлкіне зиян келтіреді. Ол үйлердің қақпалары мен дабыл құрылғыларын сындырып, қолына пышақ ұстап көршілерін қорқытады.
Жергілікті тұрғын Анастасия Султанованың айтуынша, ер адам бұрын қолына темір алып жүрсе, қазір үлкен пышақпен көшеге шығатын болған. Оның сөзінше, күдікті тұрғындарды өлтіремін деп қорқытып, көліктерге де шабуыл жасаған.
Қауіпсіздікке алаңдаған тұрғындар түнде тыныш ұйықтай алмайтындарын, балаларын сыртқа шығарудан қорқатындарын айтады. Кейбірі үйден шығар алдында алдымен көршісінің көшеде бар-жоғын тексеруге мәжбүр болған. Сондай-ақ бірнеше адамның көлігінің дөңгелегі кесілгені айтылды.
Көршілердің мәліметінше, бұл жағдай ұзақ жылдан бері жалғасып келеді. Олар ер адамның өз анасына да күш көрсеткенін, ал үш жыл бұрын әйелдің із-түзсіз жоғалып кеткенін алға тартады. Қазіргі таңда ол із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздеуде.
Жергілікті кәсіпкерлер де бұл азаматтан қауіптенетінін жасырмайды. Дүкен иелері оның пышақпен немесе темір ұстап кіріп, азық-түлікті қарызға талап еткенін айтып, есіктерін үнемі құлыптап ұстайтындарын жеткізді.
Тұрғындардың бірнеше мәрте шағымынан кейін полиция қызметкерлері ер адамды ұстап, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырған. Кейін оның Алматы қалалық Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрғаны анықталып, мамандандырылған медициналық мекемеге жатқызылған.
Алматы қалалық полиция департаменті қазіргі уақытта тұрғындарға қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Алайда көршілері ер адам емделіп шыққаннан кейін қайтадан агрессивті әрекеттеріне көшуі мүмкін деп алаңдап отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда психикалық дертке шалдыққан күдікті аялдамада әйелге шабуыл жасаған оқиға тіркелген еді. Кейін оның да психиатриялық мекемеде мәжбүрлі ем қабылдағаны белгілі болған.



