Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қазақстанға визасыз келетін шетелдіктер үшін ақылы электронды рұқсат жүйесі енгізіледі

Қазақстан визасыз режиммен келетін шетел азаматтарына арналған ақылы электронды рұқсат (ETA) жүйесін кезең-кезеңімен енгізуде. Жаңа тәртіпке сәйкес, шетелдіктер сапар алдында QazETA платформасы арқылы рұқсат алып, белгіленген төлемді төлеуі тиіс. Жүйе 1 қарашадан бастап әуе қатынасына, ал 30 қарашадан бастап Ресей және Қырғызстанмен шекарадағы автокөлік өткізу бекеттеріне де қолданылады.

Қазақстан визасыз режим арқылы келетін шетел азаматтары үшін елге кіруге арналған ақылы электронды рұқсат (ETA) жүйесін кезең-кезеңімен іске қоса бастады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Қазақстанға кірудің жаңа тәртібі жөніндегі толық мәліметті Сербияның Сыртқы істер министрлігі жариялаған.

Электронды рұқсат QazETA цифрлық платформасы арқылы рәсімделеді. Өтінішті сапар басталардан кемінде 72 сағат бұрын тапсыру қажет. Берілген рұқсат 180 күн бойы жарамды болады және осы мерзім ішінде Қазақстанға бірнеше мәрте кіруге мүмкіндік береді.

QazETA жүйесі арқылы алдын ала рәсімделген рұқсаттың құны 3900 теңге болады деп жоспарланған. Ал рұқсатты тікелей мемлекеттік шекарада алу екі есе қымбатқа түсіп, 7800 теңгені құрайды.

Жаңа талаптарға сәйкес, 1 қарашадан бастап Қазақстанға әуе көлігімен келетін визасыз шетел азаматтарының барлығы электронды рұқсат алуға міндетті. Ал 30 қарашадан бастап бұл ереже Ресей және Қырғызстанмен шектесетін ЕАЭО-ның ішкі шекараларындағы автокөлік өткізу бекеттері арқылы кіретін азаматтарға да қолданылады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button