Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерін 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр. Бұл республикалық бюджеттің 2027–2029 жылдарға арналған жобасында көзделген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Құжатқа сәйкес, 2027 жылдан бастап ең төменгі базалық зейнетақы 38 622 теңгені, ал ең төменгі зейнетақы 74 919 теңгені құрайды деп жоспарланған.
Сонымен қатар жасына байланысты және еңбек өтілі үшін төленетін зейнетақылар да 8,5%-ға ұлғайтылмақ.
Бюджет жобасына сәйкес, базалық зейнетақының орташа мөлшері кезең-кезеңімен өседі:
2027 жылы – 59 мың теңге;
2028 жылы – 62,8 мың теңге;
2029 жылы – 67 мың теңге.
Орташа ынтымақты зейнетақы көлемі де артады деп күтілуде:
2027 жылы – 111,6 мың теңге;
2028 жылы – 118 мың теңге;
2029 жылы – 124,7 мың теңге.
Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерге бөлінетін бюджет көлемі де ұлғаяды. Бұл мақсатқа 2027 жылы – 6,86 трлн теңге, 2028 жылы – 7,4 трлн теңге, ал 2029 жылы – 8 трлн теңге қарастыру жоспарланған.
Айта кетейік, бұл әзірге республикалық бюджет жобасы ғана. Құжат 5 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылаудан өтеді. Одан кейін Парламенттің қарауына ұсынылады. Сондықтан көрсетілген мөлшерлер түпкілікті бекітілген жоқ және өзгеруі мүмкін. Егер жоба қазіргі күйінде қабылданса, жаңа зейнетақы мөлшері 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.



