
Қазақстан ІІМ бірнеше елді қамтыған ірі арнайы операция барысында адамдарды есірткі бизнесіне тартумен айналысқан халықаралық қылмыстық желінің жолын кесті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бір жылдан астам уақытқа созылған операцияға Қазақстан, Украина және Албанияның құқық қорғау органдары, екі елдің прокуратуралары, Интерпол және АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасы қатысты.
Қылмыскерлер адамдарға заңды жұмыс пен жоғары табыс ұсынған. Алайда жұмысқа кіргендер көп ұзамай халықаралық есірткі бизнесінің бір бөлігіне айналған.
Желіде call-орталық операторлары, HR-менеджерлер, химиктер, курьерлер, есірткі жасырушылар, логистер мен қойма қызметкерлері жұмыс істеген.
Тергеу барысында Украинада call-орталықтарға ондаған тінту жүргізіліп, мыңдаған цифрлық дәлел тәркіленген. Соның нәтижесінде Telegram-дағы 31 есірткі дүкені анықталып, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен оған тартылған жүздеген адамның ізі ашылған.
Қазақстан ІІМ мәліметінше, қылмыстық құрылымды көршілес елдің 36 жастағы азаматы басқарған.
Операцияның белсенді кезеңдерінде Киев пен Киев облысында 70 тінту жүргізіліп, желінің 27 белсенді мүшесі анықталған. Кейін Қазақстан аумағында да 15 тінту өтіп, есірткі саудасына қатысы бар күдіктілер ұсталған.
Қылмыстық топтың ішінде тәртіп қатаң болған. Жұмыстан кетуге тырысқандарға айыппұл салынған, кейбірін ұрып-соғып, заңсыз ұстап отырған.
Соңғы кезеңде Украинадағы бес облыс пен Киевте тағы 35 тінту жүргізілді. Нәтижесінде халықаралық желінің екі буыны жойылды.
Тәртіп сақшылары 24 келі синтетикалық есірткі қоспасын, 3,5 мыңнан астам қолдан жасалған шылымды және екі мыңға жуық дайын пакетке салынған затты тәркіледі. Жеті адам ұсталып, тағы тоғыз адамға айып тағылды.
ІІМ азаматтарға интернеттегі «оңай жұмыс», «жоғары табыс» туралы күмәнді ұсыныстардан сақ болуға кеңес береді. Өйткені тартымды вакансияның артында есірткі бизнесіне тартатын қылмыстық схема тұруы мүмкін.



