Қазақстанның «Жолбарыс» командасы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен алыс қашықтықтағы ат марафонында жеңімпаз атанды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
TikTok желісіндегі @shymkentasyqatu парақшасында жарияланған бейнежазбада қазақстандық шабандоздардың мәреге бірінші болып жеткен сәті көрсетілген. Жарыстан кейін спортшылар мен жаттықтырушылар ел туын желбіретіп, жеңістерін атап өткен.
Мәлімет бойынша, 300 шақырымға созылған төрт күндік жарыста Қазақстанның «Жолбарыс» командасы басты қарсыластарын шамамен екі сағатқа басып озып, бірінші болып мәреге жеткен.
Сонымен қатар ат марафонының жеке жарысында да қазақстандық шабандоз үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленген.
Жеңімпаздардың қуанышты сәттері әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қазақстандықтардан көптеген құттықтау мен жылы пікір жинауда.



