Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Тоқаевқа «Самұрық-Қазынаның» ірі жобалары туралы есеп берілді

2026 жылы Қор 3,2 триллион теңгенің инвестициялық жобаларын аяқтауды жоспарлап отыр. Ал 2027-2029 жылдары энергетика, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларында 21 триллион теңгеге 38 жоба жүзеге асырылмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты қабылдады. Кездесу барысында Қордың атқарып жатқан жұмысы, өндірістік және қаржылық көрсеткіштері, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Ақордаға сілтеп хабарлады.

Нұрлан Жақыповтың мәліметінше, 2026 жылы «Самұрық-Қазына» 3,2 триллион теңгенің инвестициялық жобаларын аяқтауды жоспарлап отыр.

Олардың қатарында Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол желілерін салу, Алтынкөл – Жетіген және Бейнеу – Маңғыстау учаскелерін жаңғырту жобалары бар. Сонымен бірге Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу, Алматыдағы екінші жылу электр орталығын жаңғырту, Түркістан облысында бу-газ қондырғысы мен гибридті электр станциясын іске қосу жұмыстары жүргізілуде.

Астанада деректерді өңдеу орталығын салу және Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобалары да аяқталуға жақын.

Кездесуде Қордың алдағы жылдарға арналған инвестициялық портфелі де таныстырылды. 2027-2029 жылдары энергетика, мұнай-газ, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларында жалпы құны 21 триллион теңге болатын 38 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Бұдан бөлек, Қордың әлеуметтік бағыттағы жұмыстары жөнінде ақпарат берілді. Медициналық және әлеуметтік нысандар салуға басымдық беріліп, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 55 орталық пен 46 инклюзия кабинеті ашылған. Сондай-ақ спорт және білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне қатысты бірқатар нақты міндет жүктеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button