
Алматыдан Лондонға бағыт алған Air Astana ұшағы Хитроу әуежайының уақытша жабылуына байланысты Германияға қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
KC663 рейсін орындап жатқан Airbus A321 ұшағы бортындағы 138 жолаушымен Франкфурт әуежайына қауіпсіз қонды.
Алайда Лондонның Хитроу әуежайы түннің соңына дейін жұмысын тоқтататыны белгілі болған. Осыған байланысты әуе компаниясы рейстің Лондонға қарай әрі қарай ұшуын кейінге қалдырды.
Алдын ала жоспар бойынша ұшақ келесі күні сағат 11:30-да (UTC) жолға шығуы тиіс.
Жолаушылардың 67-сінде жарамды Шенген визасы жоқ. Сондықтан олар әуежайдың транзиттік аймағынан шыға алмайды.
Air Astana бұл жолаушыларға күту кезінде тамақ пен салқын сусын алуға арналған ваучерлер берген. Ал Шенген аумағына шығуға құқығы бар жолаушылар үшін қонақүй мәселесі шешіліп жатыр.
Әуекомпания өкілдері жағдай тұрақталғанша жолаушыларға қажетті көмек көрсетіп, тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Air Astana жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі компания үшін басты басымдық екенін атап өтті.



