Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Фастфудтың «агрессивті» жарнамасына шектеу енгізу ұсынылды

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге бағытталған фастфуд және құрамы қант, тұз, қаныққан әрі трансмайға бай өнімдердің жарнамасына шектеу енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бұл ұсынысты Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі.

Министрліктің бастамасы телеарна мен радиодағы жарнамамен ғана шектелмейді. Әлеуметтік желілер, сыртқы жарнама және балаларға әсер ететін өзге де маркетинг құралдары да қарастырылып отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсембаева бұл бағыттағы заңнамалық ұсыныстар дайындалғанын айтты.

«Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле- және радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмыстары басталды», – деді ол.

Министрлік мұндай қадамның мақсаты белгілі бір тағамдарды толық тыйым салу емес екенін атап өтті. Негізгі міндет – балалардың тамақ таңдауына маркетингтің ықпалын азайтып, пайдалы тамақтану әдетін ерте жастан қалыптастыру.

Мәселенің өзектілігі статистикадан да көрінеді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы 6–9 жастағы балалардың 23%-ында артық дене салмағы бар, ал 6%-ында семіздік анықталған. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.

Министрлік ұсыныстарды әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескерген.

Қазақстанда балалардың тамақтануына қатысты басқа да шаралар қолға алынған. Мәселен, 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Ал 2025 жылғы қыркүйектен бастап мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Оның аясында тағам құрамындағы қант пен тұзды азайтып, көкөніс, жеміс және сүт өнімдерінің үлесін арттыру көзделген.

Министрлік өңірлерге балалар мен ата-аналар арасында дұрыс тамақтану бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Яғни ұсынылып отырған өзгерістер фастфудқа тыйым салуды емес, оны балаларға белсенді түрде жарнамалауды шектеуді көздейді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button