Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Бектенов Үкіметтің жаңартылған құрамына: «Қазір толық жауапкершілікті мойнымызға алатын уақыт»

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкіметтің жаңартылған құрамының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Жиында Құрылтай сайлауынан кейінгі Үкіметтің жаңа құрамы жұмысын бастады. Сонымен қатар төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ант берді.

Отырыста Премьер-министр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін нақты әрі жедел шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

«Жаңа Конституция заңды күшіне еніп, мемлекетіміз саяси және экономикалық жаңғыруға қадам басқан тарихи кезеңде еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін бәріміз жан-жақты шараларды қабылдауға міндеттіміз. Барлық бағыт пен салалар бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыру қажет. “Заң мен Тәртіп” және “Таза Қазақстан” конституциялық қағидаттары әрдайым биік тұруы тиіс. Үкіметтің жұмысы кешенді шараларды қабылдай отырып, озық қарқынмен жүруі керек.

Қазір толық жауапкершілікті мойнымызға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдайтын уақыт. Бәріміз Президенттің жоғары сенімін толығымен ақтауымыз керек», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Үкімет мүшелерін Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүйелі түрде орындауға және нақты нәтижеге жұмыс істеуге шақырды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button